Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығындағы жасыл желек қорын молайту мақсатында 20 мың ағаш отырғызылмақ.
Өңірде ағаштардың бірыңғай интерактивті картасы құрылмақ.
Жобаның көмегімен аймақтағы жасыл желектің бірыңғай есебі жүргізіледі. Стастистикамен қатар, жаңадан отырғызылған өсімдіктердің жағдайы да қадағаланады.
Айта кетейік, «Е-дендра» жобасын қалалық әкімдік жекеменшік компаниямен меморандум аясында әзірледі. Оның шеңберінде экологтар Павлодардағы ағаштардың барлығын түгендеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда облыс орталығында 97 мыңнан астам ағаш бар. Олардың қатарындағы 18 мыңнана астамы - он жылдық өсімдіктер. 59 мыңнан астам - 40 жылдық ағаштар екен. Ал қалғаны 40 жылдан асқан. Түгендеу нәтижесінде жасыл желектердің жағдайы да белгілі болды.
Биологтардың айтуынша, өсімдіктердің бес мыңнан астамының жағдайы нашар. Апатты жағдайдағы ағаштар да бар. Оларды кесіп, орнына жаңаларын отырғызу қажет. Жаңа жобамен кез келген тұрғын танысып, ағаш салу үрдісін бақылау мүмкіндігіне ие болады.
«Жасыл желекті күтіп-баптау - көптеген аймақ үшін өзекті мәселе. Бағдарлама жасалғаннан соң, өзге де өңірлерден тапсырыстар түсті. Өйткені, елімізде бұл жұмыс кенже қалып қойған. Мәселен, осыдан 14 жыл бұрын Павлодардағы ағаштар саналған. Бірақ, мәліметтерді күнбе күн жаңартып отыру керек. Статистикалық мәліметтерсіз ағаштардың өсіп-жетілуі, даму туралы айту қиын», - дейді жоба авторларының бірі Сергей Голышев.
Алдағы уақытта топырақтың жағдайына да сарапшылық баға берілмек. Осылайша, ағаштардың бейімделуі туралы ақпарат жиналады. Бағдарламада өтемақы ретінде салынған ағаштар туралы ақпарат көрініс таппақ.