Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ерекше атауға ие болған қоғамдық көлікте әлемге танымал ақындардың портреттері мен өлең шумақтары ілінген, деп хабарлады pavlodarnews.kz.
«Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында мәдениет саласына көп көңіл бөлгені белгілі. Бұған қоса, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы аталып өтеді. Сондықтан жұртшылыққа рухани демалыс сыйлау және белгілі ақындардың шығармашылығын насихаттау мақсатында осындай шара ұйымдастыруды жөн көрдік. Сондай-ақ, классикалық орыс әдебиетінің негізін салушы Александр Пушкиннің жырларын оқуға болады. Қазір жылдың күз мезгілі. Бұл кезең көптеген ақындардың шығармаларына арқау болған", - дейді «Трамвай басқармасы» АҚ маркетинг бөлімінің басшысы Наталья Темиргалина.Орталық кітапхана жүйесінің кітапханашысы Алмагүл Жармағанбетованың айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың есімдері» жобасы аясында өтіп жатқан шараның мақсаты - ұлылардың ұлттық құндылықтарын дәріптеу.
«Өткенді ұмыту – өшкендік, өткенді ұмытпау – өскендік» деп халық даналығында бекер айтпаған. «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің ақ жаулықты аналары Абайдың «Әсемпаз болма әр неге», «Айттым сәлем, Қаламқас» туындыларын орындады. Сондай-ақ, кітапхана ұжымдары мен студенттер қатысуда. Жолаушыларға көпшілік арасында кеңінен танымал өлеңдер мен жырлар жазылған парақшалар таратылды», - деді Алмагүл Жармағанбетова.
Наталья Темиргалина бұған дейін ұйымдастырылған акцияларға да тоқталып өтті. 1 қазан – 31 желтоқсан аралығында «Сәттілік билеті» акциясы өтеді.
«Ол үшін трамваймен жүріп өткен кезде билеттің нөміріне назар аударыңыздар. Егер де билеттің барлық алты саны бірдей болса, сіздің билетіңіз сәттілік әкелді деген сөз. Бұл ұтып алған билеттің арқасында келесі айға тегін жүру үшін жол билетін ала аласыз. Сериялық нөмір билеттің жоғары жағында көрсетілген. Сондай-ақ, «Билет ал да, тегін жүр» акциясы аясында билетте «Төленді» таңбасы болады және мұндай билет түскен тұрғындар тегін қатынайды. «Бақыт билетін алып, серуендеу мүмкіндігіне ие бол» акциясы бойынша «Трамвай» таңбасы бар билетті ұтып алған жағдайда 33-38-38 нөмірі арқылы маркетинг бөліміне хабарласу қажет. Бұдан кейін жолаушылардың қалаған демалыс күндері серуен ұйымдастырылады. Бұл соңғы екі акция 10 қазанда аяқталады», - деді Наталья Темиргалина.