Павлодарда онкологиялық ауруларға шалдығу көрсеткіші 1,4%-ға төмендеген

24 Қыркүйек 2024, 16:12
294
Бөлісу:
Павлодарда онкологиялық ауруларға шалдығу көрсеткіші 1,4%-ға төмендеген
Фото: BAQ.KZ -архив

Ертіс өңірінде өткен жылмен салыстырғанда онкологиялық ауруларға шалдығу көрсеткіші 1,4%-ға төмендеген. Бұған тиімділігі жоғары диагностикалық шаралар мен озық технологиялар оң септігін тигізген, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Статистикалық деректерге сүйенсек, облыста сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 321,1. Бұл республикалық көрсеткіштен төмен.

Соңғы жылдары облыста онкологиялық қызмет қарқынды дамып келеді. Диагностика мен емдеуде әлемегі озық технологиялар енгізіліп, табысты қолданылып келеді. Ең бастысы, олардың барлығы қарапайым халыққа қолжетімді.

Облыстық онкологиялық диспансердің бөлім меңгерушісі Сергей Борисенконың айтуынша, халыққа қатерлі ісік туралы ақпарат тарату, дертпен күрес жөнінде барынша хабарлап отыру керек. Сонда халық қауіпті ауруды алдын алу бойынша атқарылатын кешенді шараларға белсенді қатысады. Азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігі де арта түсері анық.

Онкологиялық аурулармен күрес қызметі тек облыстық диспансердің жұмысымен шектелмейді. Бүгінгі таңда әр емханада онколог-дәрігер жұмыс істейді. Алғашқы диагностика осы деңгейде жасалады. Сондықтан, қатерлі ісік бойынша қандай да бір белгілер пайда болса, бірден дәрігердің қарауына барған жөн. Кейін облыстық диспансерде нақтылау диагностикалау шаралары жүзеге асырылады және аурудың құрылымы анықталады. Диагноз нақтыланған соң ем-дом шараларының тактикасы бекітіледі. Дерт неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым тез айығуға мүмкіндіктің барын ұмытпау керек, - дейді Сергей Борисенко.

Мамандардың айтуынша, аймақта ерте және уақытында диагностикалау деңгейі көтеріліп келеді. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 30,4%-ға жеткен. Былтырғы жылмен салыстырғанда арта түскен. Ал қатерлі ісікке шалдыққан азаматтардың бес жылдық өмір сүру деңгейі 57,4%-ға артты. Бұл республикалық көрсеткіштен жоғары.

Өңірлік денсаулық сақтау жүйесінде бірқатар тиімді скринингтік бағдарлама бар. Мақсат - дені сау халықтың арасында қатерлі ісікке шалдыққандарды ерте кезеңде анықтау. Онкологиялық қызметте бұл бағытта үш ірі зерттеу жүргізіледі. Атап айтқанда, сүт безі, колоректальді және жатыр монының ісігі бойынша скринигтік шаралар жүзеге асырылады. Учаскелік дәрігерлер, терапевттер мақсатты топтарды анықтап, зерттеуден өтуге шақырады. Яғни, бұл бағытта бір емес, бірнеше ақ желеңді жұмыс істейді, - дейді Сергей Борисенко.

Дәрігерлердің айтуынша, емдеу, бақылау шараларының барлығы МӘМС жүйесі шеңберінде тегін жүзеге асырылады. Өкінішке қарай, соңғы жылдары қатерлі ісікке шалдыққан тұрғындардың жасаруы мен көбеюі байқалады. Өйткені, ерте диагностикалау бағдарламалары тиімділігін берген. Сонымен қатар, бұл аурудан келетін өлім-жітім көрсеткіші төмендей түсті.

Қазіргі уақытта облыс бойынша диспансерлік есепке 13 мыңнан астам павлодарлық алынған. Олардың жеті мыңға жуығы бес жылдық уақытта қауіпті дертті жеңіп шықты деуге болады.

Нақтырақ айтқанда, бұл науқастар ұзақ ремиссия деңгейінде өмір сүреді. Осылайша, қалыпты тіршілігіне оралып, еңбекке араласа алады. Қуантарлығы, бүгінгі таңда бұл бағытта қандай да бір мәдениет қалыптасқан. Бірнеше жыл бұрын бұл дертке тап болған адам диагнозы туралы жасырып, психологиялық тұрғыдан қиналатын. Ауруды жасыру оқиғалары жиі кездесетін. Қазіргі уақытта жағдай өзгеше. Бар ақпарат ашық. Себебі, аурумен күресіп, терапиядан өткен пациенттер басқа азаматтарды емдеуден бас тартпауға ынталандырады. Олар бір біріне психологиялық тұрғыдан көмек те көрсетіп жатады. Біршама уақыт бұрын терапиядан үзілді-кесілді бас тартқан тұрғындар кездесетін. Ал бүгінгі таңда ерте кезеңде анықтау көрсеткіші 5%-ды құраса, он жыл бұрын әр үшінші науқас қарауымызға обырдың төртінші деңгейінде келген. Кешенді жұмыстардың нәтижесі осындай, - дейді дәрігерлер.

Облыстық онкологиялық диспансердің онколог-хирургі Бекайдар Махметовтың айтуынша, қатерлі ісікті емдеу шараларының басым бөлігі хирургиялық әрекеттердің көмегімен жүргізіледі.

Облыстық диспансер жанында екі хирургиялық бөлімше бар. Атап айтқанда, жалпы онкология және таракальді бөлімше. Бірінші бөлімшеде мамандар ағзаның ішастар қуысындағы кез келген ауруда оперативті тәсілмен емдейді. Біздің хирургтер заманауи тәсілдерді қолдану бойынша елімізде көшбасшы. Мамандар азинвазивті тәсіл арқылы ота жасайды. Бұл науқастың өмір сапасын жақсартуға және қалыпты тіршілікке оралуына оң септігін тигізеді. Денесінде үлкен тыртықтар да қалдырмайды. Ал оңалту шараларының уақыты азаяды. Мәселен, біздің маммологтар бірнеше жыл бойы сүт безін бір уақытта реконструкциялау тәсілін табысты енгізіп келеді. Яғни, әйелдердің кеудесін эстетикалық тұрғыдан қалыпқа келтіреді. Бұған дейін бұл методика хирургтерімізге қолжетімсіз еді. Салдарынан пациенттеріміз өзге аймақтарға, тіпті, шет мемлекеттердегі мамандардың көмегіне жүгінетін. Қазір осындай мәселе жоқ, - дейді Бекайдар Махметов.

Облыстық диспансерде жоғары технологиялы желілік үдеткіш қолданысқа енгізілген. Инновациялық техниканың көмегімен дененің тек зақымданған учаскелерін ғана емдеуге болады. Яғни, сау аумақтарға зақым келтірілмейді.

Қазіргі уақытта заманауи технологиялардың көмегімен қатерлі ісіктен төртінші деңгейде де сауығып шығуға болады. Онкологиялық дерт үкім емес. Дегенмен, азамат дәрігерге қаралғанда белгілерді анықтаса, бірден диагностикалық шараларды бастаған жөн. Кейін емдеу шараларын жүргізу қажет. Халықтың денсаулығын сақтап, медициналық тексерістердің қолжетімділігін арттыру үшін мемлекет тарапынан қолдау зор, - дейді дәрігерлер.

Айта кетейік, облыстың емханаларында жыл басынан бері сүт безі обыры бойынша 29 мың скрингтік зерттеу жүргізіліп, 70-ке жуық әйелде ісік анықталды. Жатыр мойнының ісігі бойынша жүргізілген 31 мыңнан астам скрининг нәтижесінде 14 жағдай тіркелген. Ал колоректальді обыр бойынша 42 мыңнан астам павлодарлық зерттеуден өтіп, олардың ішінен 20-ға жуық адамда ауру анықталған.

Мамандардың сараптамасына сәйкес соңғы уақытта скринингтен өтуге келетін азаматтардың белсенділігі жоғарылаған.

Өзгелердің жаңалығы