Қазақстан Республикасы Мәжілісі мен барлық деңгейлі мәслихаттардың сайлауында зағип және көзі нашар көретін азаматтар үшін бар жағдай жасалған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін әр сайлау учаскесінде Браиль қарпімен жазылған трафареттер дайындалған. Таңмен жарысып дауыс бергендердің қатарынан облыс бойынша зиғаптар қоғамының төрағасы Дүйсенбі Қабдулов бар. Азаматтық белсенділігі жоғары тұрғын үшін әр сайлау ерекше, себебі, әр дауыс ел болашағы үшін маңызды.
Таңғы жетіде №2 сайлау учаскесіне келіп алдым. Кандидаттардың тізімін өзім білетін Брайль қарпі арқылы оқып, танысып шықтым. Сондықтан қалаған үміткерге дауыс бердім. Мен – өз елімнің патриотымын. Маңызды саяси науқан болғандықтан, қатыспауға құқығым жоқ, - дейді Дүйсенбі Қабдулов.
Сайлау учаскесінде зағип жандарды шағын сыйлықтар күтіп тұрды.
№2 учаскелік сайлау учаскесінің төрағасы Денис Вербицкийдің мәліметінше, учаске бойынша ең үлкен дауыс берушінің жасы – 87-де. Ал ең жасы – 18 жастағы азамат.
Учаске бойынша электорат саны екі мыңға жетеді. Олардың 14-і – мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Олар үшін кез келген ақпарат, кабинкалар, өзге де құралдар қолжетімді. Сайлау үшін осындай белсенді дауыс берушілерімізге шағын сыйлықтарымызды әзірледік, - дейді Денис Вербицкий.
Айта кетейік, Брайль қарпіндегі трафареттерден бөлек сайлау учаскелерінде бюллетеньдердің аудионұсқаулары бар. Бүгін облыстың түкпір түкпірінде 500-ден астам учаске жұмыс істеп жатыр.