Павлодарда мемлекет бюджеті есебінен 12 көпқабатты үй салынады

28 Қыркүйек 2022, 18:25
1026
Бөлісу:
Павлодарда мемлекет бюджеті есебінен 12 көпқабатты үй салынады
Фото: автордан

Облыс орталығындағы «Достық» және «Сарыарқа» шағын ауданында 12 көпқабатты үй тұрғызылады, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл нысандар мемлекеттік бюджет есебінен салынады. Қазіргі уақытта тағы жеті үйдің құрылысын жекеменшік кәсіпорындар жүргізіп жатыр. 

Павлодар қаласының әкімі Асайын Байхановтың мәліметінше, жеті көпқабатты үйде 478 пәтер болады. 

Биыл жекеменшік инвестициялар көмегімен 218 мың шыршы метрдің құрылысы жүріп жатыр. Біздің мақсат – бұрынғы «Алюминстрой», қазіргі «Сарыарқа» шағын ауданының тұрғындарын баспанамен қамту. Бүгінде тозығы жеткен үйлердің тұрғындары үш жыл бойы уақытша басқа жерде тұрып жатыр. Олар шағын аудандағы үйлерге қоныстандырылады, - дейді Асайын Байханов.

Айта кетейік, сүрілген үйлердің тұрғындары осы жылдың соңына дейін баспанамен қамту жоспарланған. Десе де, мәселе биыл түбегейлі шешілмейтін болып шықты. «Алюминстрой» тұрғындарына пәтер беру келесі жылы да жалғасатын болды. 2020 жылы облыс басшылығы мөлтек аудан аумағында 10 көпқабатты үй салынып, тұрғындар аңсаған шаршы метрлеріне қол жеткізеді деп күтілген. Дегенмен, шенеуніктердің уәдесі орындалған жоқ. Соңғы он жыл ішінде 150 екіқабатты ескі үй бұзылып, орындары босатылған.

Жалпы, облыс орталығында апатты үйлер мәселесі жылдар бойы күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде шатыры тесіліп, қабырғасы сөгілген 44 нысан бар. 400-ге жуық пәтер иесі күндерін қорқынышпен өткізіп келеді. 

Өзгелердің жаңалығы