Нұр-Сұлтан,BAQ.KZ. «Ана тілі» орталығында барлық санаттағы азаматтарға арналған латын қарпі негізіндегі қазақ тілі курстарының үшінші маусымы басталды, деп хабарлады pavlodarnews.kz.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының маманы Дәулет Темірболаттың айтуынша, курс ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған қазақ тілін кезең-кезеңімен латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын жүргізу және Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткізілуде.
"Шараның мақсаты – жаңа әліпби негізінде дұрыс жазу дағдыларын қалыптастыру, қазақ тілінің орфографиялық, фонетикалық, морфологиялық, лексикалық нормаларын үйрету. Сабақтар "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылы 26 қазандағы №569 Жарлығына сәйкес бекітілген латын әліпби бойынша өткізіледі", - дейді Дәулет Темірболат.
Сонымен қатар «Егемен Қазақстан» газетінің 2019 жылғы 18 қаңтардағы санында жарияланған 2018 жылғы 6 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссиямен мақұлданған «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» қолданылатын болады. Курстарға мемлекеттік қызметшілер, денсаулық сақтау саласының мамандары және барлық санаттағы азаматтар қатысады. Айта кетерлігі, бұған дейін екі маусымда «Тілдік келісім», «Жексенбілік бранч», «Отбасымен үш тілді үйренейік» жобалары аясында 260 адам қамтылған. Бұдан бөлек, тілдік фреш-тренингтерге 90 тәрбиеші қатысқан.