Павлодарда күлден табыс табатын зауыт ашылды

16 Шілде 2021, 11:58
1333
Бөлісу:
Павлодарда күлден табыс табатын зауыт ашылды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. «Павлодар» арнайы-экономикалық аймағында тағы бір зауыт ашылды. Жаңа кәсіпорын өңірдегі электр станцияларынан қалатын күлден алюмомиликатты микросфера өндіреді.

Кәсіпорын бір жылда күл қалдықтарының 21 мың тоннасын қайта өңдеуге қауқарлы. Ал 12 мың тонналық жаңа өнім Еуропа, Солтүстік Америка және Оңтүстік Африка елдеріне экпортталады.

Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Сәкен Шаяхметовтың айтуынша, жаңа кәсіпорын - аймақ үшін экологиялық маңызы бар жоба. 

Жаңа жоба пандемияға қарамастан жүзеге асырылды. Біз өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетуге тырыстық. Өндіріс таза әрі заманауи технологиялар негізінде құрылды. Аймақтағы электр станцияларынан қалған мыңдаған тонна күлді қайта өңдеп, кәдеге жаратады. Сонымен қатар қоршаған ортада жиналып қалған қалдықтардан тазартылады. Бір сөзбен айтқанда, бұл - зауыт өкілдерінің экологиялық жауапкершілігінің белгісі, - дейді Сәкен Шаяхметов. 

Ілкімді жоба 1,5 жыл ішінде жүзеге асырылды. Бірінші кезеңдегі инвестиция көлемі 2,3 млрд теңгені құрады. Қайта өңделетін шикізат Ақсу электр станциясынан тасымалданады. Бұл кәсіпорынмен 10 жылдық мерзімге келісмішарт жасалған. Зауыт қызметкерлерінің айтуынша, өндіріс ошағы неміс технологиясы бойынша жұмыс істейді. Барлық үрдістер толық автоматтандырылған.

Өзгелердің жаңалығы