Павлодарда кітапханашылар сотталғандарға кітап сыйлады

17 Ақпан 2022, 22:03
1921
Бөлісу:
Павлодарда кітапханашылар сотталғандарға кітап сыйлады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысының кітапханалары түзету мекемелеріндегі азаматтарды кітаптармен қамтуда. Игі іс екі жыл қатарынан жүргізіліп келеді.

Бұл бастаманы облыстағы көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапхананың оқырмандары бастады. Кітапсүйер қауым түрлі әдебиеттерді қоқысқа тастағысы келмегендіктен, кітапханаларға тапсырған. Ал мамандар қауымы оқу құралдарын темір тордың ар жағындағы адамдарға беруді дөн санаған.

Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі сотталғандар арасында тәрие ісі жөніндегі бөлімнің бастығы Асхат Жолаевтың айтуынша, сотталғандардың көбі классикалық және ғылыми танымал әдебиеттерге құмар.

Өңірдегі түзету мекемелерінің кітапханаларында 28 мыңнан астам құрал бар. Әдебиеттердің бағыты сан алуан. Қорымызды жыл сайын толықтырып отырамыз. Бізге кітапханашылар мен қарапайым оқырмандар көмектеседі. Осылайша, кітапқа ізгілікпен қарау, кітап сыйлау қалыптасып жатыр. Біз өз кезегімізде ұжымдарға сотталғандар жасаған бұйымдарды сыйға тартамыз. Мәселен, көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханаға шахмат, домино тақталарын тарту еттік. Бұйымдарды жасауда зағип жандардың ерекшелігін ескердік. Ойын тақталары қолмен ұстауға ыңғайлы. Брайль қарпімен жазылған белгілері бар. Осылайша, екіжақты әріптестік қалыптастырдық, - дейді Асхат Жолаев. 

Кітапханашылардың айтуынша, сотталғандар кітап арқылы рухани рахат алып, өмірлік көзқарастарын өзгертулері мүмкін. Сондықтан, тәрбиелік мәні зор іс жалғасын табуы шарт. 

 

Өзгелердің жаңалығы