Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар қаласында карантиндік шараларды күшейту шеңберінде екі күндік санитарлық шаралар басталды.
Дезинфекциялық шараларға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметімен қатар, жергілікті жоғары оқу орнының студенттері атсалысты. 140-тан астам студент бірнеше топқа бөлініп, жұмысқа кірісті.Сала мамадарының хабарлауынша, қала көшелері натрий хипохлоридімен өңделеді. Өнімді өңірдегі химиялық кәсіпорын бөлген. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышеваның айтуынша, студеттер облыс орталығындағы саябақтар, скверлер мен жағалауды дезинфекциялайды.
Өңдеу шаралары қаланың солтүстік бөлігінен басталып, оңтүстік бөлігіне ойысады. Жоғары оқу орындарының студенттері тиісті құлалдар, киім-кешек пен көлікпен қамтылды, - дейді Светлана Гладышева.
Айта кетейік, қаладағы санитарлық жұмыстарға хипохлоридтің 2400 литрі бөлініп, дезинфекциялық ерітіндінің 28 мың литрі алынды. Өнім пәтер иелері кооперативтеріне тегін үлестірілді.
Павлодар қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Қанат Желдібаевтың айтуынша, санитарлық шаралар аясында облыс орталығындағы тұрғын үйлердің барлығы өңделеді.
Дезинфекциялық шаралар басталғанға дейін пәтер иелері кооперативтерімен жиын өткіздік. Бүгінде Павлодарда көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсететін 133 ұйым бар. Біріші кезекті подъездердің кіреберістері тазаланады, - дейді Қанат Желдібаев.
Қазіргі уақытта Павлодар қаласында 1300-ден астам көпқабатты үй бар.
Еске сала кетсек, облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен сауда орталықтары, желілік дүкедер, жабық азық-түлік нарықтарының жұмысы тоқтатылды. Қоғамдық тамақтану орындары санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істейді. Шаштараздар, сұлулық салондары, автожуу станцияларының жұмысы да уақытша тоқтады. Сондай-ақ, қоғамдық жолаушылар көлігі тасымалдаумен уақытша айналыспайды.