Павлодарда кешенді абаттандыру жұмыстары басталады

6 Сәуір 2022, 18:18
1947
Бөлісу:
Павлодарда кешенді абаттандыру жұмыстары басталады
PHOTO
Фото: автордан

Павлодар,  BAQ.KZ тілшісі. Павлодар қаласында кешенді абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ. Қазіргі уақытта конкурстық процедуралар аяқталуға жақын.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, осы жылы 150 аула қалыпқа келтіріледі. Өткен жылы небары 50 аула жөнделсе, биыл олардың саны үш есе көбейген.

Павлодарда кешенді абаттандыру жұмыстары басталады

Жауапты бөлім басшысы Арслан Қалиақпаровтың айтуынша, жөнделетін аулаларды таңдамас бұрын тұрғындардың пікіріне назара ударылды. Сонымен қатар, мамандар тобы аумақтарды тексеріп, жағдайын тексерген. Нәтижесінде жағдайы нашар деген нысандар таңдалып алынды.

Біз аулаларды қарап шықтық. Асфальт-бетон жабындысының жағдайы, балалар ойын алаңының жағдайы, нысандардың қауіпсіздігі, ыңғайлылығы ескеріледі. Аула жаңартылған болып, қирап қалса, қашан жөнделгенін назарға аламыз. Әлеуметтік желілердегі халық пікіріне де құлақ асамыз. Таңдау мехинизмі осындай. Аулаларда кешенді абаттандыру және жөндеу жасалады. Жаяу жүргінші жолы, жарықтандыру, балалар алаңы бірден жөнделеді. Әрине, павлодарлықтардан түсетін шағымдар жетерлік. Бірақ, аулаларды бір жылдың ішінде жөндеу мүмкін емес. Сондықтан, жыл сайын жоспарлаймыз, - дейді Арслан Қалиақпаров. 

Облыс орталығында 610 аула болса, олардың 100-ден астамы ғана абаттандырылған. Қалғаны жөндеуді қажет етеді. Балалар алаңдарын жаңартуға 1,6 млрд теңге және асфальт-бетон төсемін ауыстыруға 2 млрд теңге қарастырылған.

Павлодарда кешенді абаттандыру жұмыстары басталады

Ертістің орталық жағажайы да жаңа кейіпке енеді. Серуендеу орнындағы гранит баспалдақтар қирап, әбден тозығы жеткен. Енді жаңартылмақ. Мамандардың мәліметінше, 1700 шаршы метрден астам аумақ түрлене түспек.

Баспалдақтар граниттен қайта жасалады. Қазіргі уақытта құрылыс материалдарына тапсырыс берілді. Сонымен қатар, қоқыс жәшіктері мен орындықтар ауыстырылады, - дейді Арслан Қалиақпаров. 

Жөндеу жұмыстары сәуір айының соңында басталады. 

Өзгелердің жаңалығы