Облыс орталығында жылу желілеріндегі гидравликалық сынақтар аяқталып, ыстық су беру жүйесі реттеліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Сала мамандарының айтуынша, сынақ шаралары жөндеу науқаны алдында олқылықтарды анықтау мақсатында жүргізілді.
«Павлодар жылу желілері» кәсіпорнының бас инженері Сергей Панихиннің айтуынша, жылу электр станцияларынан тарайтын желілерде 321 ақау анықталды.
Жылу орталықтарынан тарайтын желілердің 70-сі – магистральді, ал 251-і – ішкі кварталдарға тиесілі. Қазіргі уақытта көпқабатты үйлерге біртіндеп ыстық су беріліп жатыр. Десе де, өзге де жүйелерде ақаулар анықталуы мүмкін. Сынақтар нәтижелі болды деуге негіз бар. Себебі ерте анықталған ақауларды уақытында жоюға мүмкіндік бар. Осылайша, жылу беру маусымындағы апаттар болмайды, - дейді бас инженер.
Бүгінгі таңда жергілікті әкімдік келісімшартқа отырған мердігер ұйымдар құбырлардағы 150 ақауды жөндеп жатыр. Осы кезге дейін 36 олқылық жойылды. Алдағы күндері ыстық су жүйесінен ажыратылған 300-ге жуық көпқабатты баспана сумен қамтылады. Жөндеу науқаны барысында басқа да нысандар ыстық сусыз қалуы мүмкін. Бұл - коммуналдық жөндеу жұмыстары кезіндегі мәжбүрлі шара.
Сала мамандары тұрғындар бұған түсіністікпен қарайды деген сенімде.