Павлодарда фельдшерлік бригада 35 жастағы әйелді үйде босандырып алды

7 Маусым 2024, 15:14
281
Бөлісу:
Павлодарда фельдшерлік бригада 35 жастағы әйелді үйде босандырып алды
Фото: Арман Мухатов - архив

Павлодарлық жедел-жәрдем қызметінің бригадасы 35 жастағы әйелді үйінде босандырып алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дүниеге қыз бала келді. Кейін анасы мен қызы қалалық перзентханаға жатқызылды.

Облыстық жедел-жәрдем станциясы жетекшісінің орынбасары Ольга Вербоваяның айтуынша, шақырту түнгі сағат 23.00 шамасында түсті. Азаматша жүктілігінің 40-аптасында болған. Жақын маңдағы фельдшерлік топ әйелдің үйіне жеті минуттың ішінде жеткен.

Бригада келгенде болашақ ананың толғағы қысты. Сондықтан мамандар әйелді үйде босандырып алуды шешті. Босандырған фельдшер мамандандырылған гинекологиялық бригаданы шақыртуды сұрады. Өйткені бұл азаматшаның бесінші босануы еді. Абырой болғанда, қиындық туған жоқ. Нәресте мен ананың денсаулық жағдайы тұрақты, - дейді Ольга Вербовая.

Нәрестенің салмағы – 3,5 келі, ал бойы – 55 сантиметр. Қазір ана мен баланың өміріне қауп жоқ.

Мамандардың айтуынша, үй жағдайында босану сирек кездесетін құбылыс емес. Осы жылдың басынан бері жедел-жәрдем қызметінің ақ желеңділері 14 келіншекті үйінде немесе реанимобильдің ішінде босандырған. Ал өткен жылы 12 жағдай тіркелді.

Бүгінде қызметтің көлік паркінде 109 реанимобиль бар. Әр көлік халықаралық стандарттарға сай және акушерлік жиынтықпен жабдықталған. Облыс бойынша күнбе күн 70 бригада желіге шығып, кезекшілік атқарады. Олардың құрамында 200 дәрігер, фельшер және жүргізуші-парамедик бар. Кез келген фельдшер сан түрлі шұғыл медициналық көмек көрсетуге әзір. Жедел-жәрдем бригадалары оқиға орнына 3-10 минут ішінде жетіп, қызметтерін мүдірмей орындады. Бұл көрсеткіш бойынша жергілікті жедел-жәрдем станция елімізде көшбасшы.

Өзгелердің жаңалығы