Павлодарда 3 млн теңгеге тапсырыспен адам өлтіру ісі әшкереленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылғы 26 маусымда Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты көпшіліктің назарына іліккен тапсырыспен адам өлтіру әрекетіне қатысты үкім шығарды.
Сотта тапсырыс беруші, делдал және орындаушы жауапқа тартылды. Олар ер адамның бұрынғы әйелін өлтіру мақсатында жоспарланған шабуылды ұйымдастырған. Бұл қылмыс үшін 3 миллион теңге сыйақы ұсынылған.
2024 жылдың басында Б., бұрынғы әйелі Г.-ға бақылау жасайтын адамды тауып беру үшін М.-ға жүгінген, сыйақы сомасы 1 миллион теңгені құраған. М. осы мақсаттағы жұмыс үшін, Б.-ның шарттарына келіскен Д.-ны тапқан. Кейіннен Б., бұрынғы әйелін қызғаныш пен мүліктік мәселеге байланысты өлтіру үшін М. арқылы Д.-ны жалдаған. Сыйақы 3 000 000 теңгені құраған, – деп жазылған сот хабарламасында.
2024 жылғы 18 маусымда Павлодар қаласында Д. әйелді аңдып жүріп, көшеде оған шабуыл жасаған. Әйелдің кеудесі мен бетіне бірнеше рет пышақ сұққан. Сол сәтте көлігімен өтіп бара жатқан куәгер араша түскен.
Шабуыл жасаған адам оқиға орнынан қашып кеткенімен, көп ұзамай ұсталды.
Жәбірленушіге дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, ол аман қалған.
Тергеу және сот процесі барысында үш айыпталушының кінәсі куәгерлердің айғақтары, сараптамалар және орындаушының алғашқы мойындауы арқылы дәлелденді.
Айыпталушылардың екеуі кінәсін мойындамай, ақтауды талап етсе, ал Д. өзінің әрекетін қарақшылық ретінде қайта саралауды сұраған. Алайда сот оларды ҚР Қылмыстық кодексінің 28, 24 және 99-баптары – қылмысқа көмектесу, ұйымдастыру және тапсырыспен адам өлтіруге оқталу бойынша кінәлі деп таныды.
Сот олардың бұрын сотты болмағанын, жақсы мінездемелерін және кәмелетке толмаған балалары барын ескере отырып, әрқайсысына орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ олардан жәбірленушінің пайдасына жалпы сомасы 8,8 миллион теңге көлеміндегі моральдық зиян және өкілдің қызметіне кеткен шығын өтемақы ретінде өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін ашуға булыққан ер адам әйелінің көлігін өртеп жібергенін жазған болатынбыз.