Павлодар қаласында алдағы уақытта жоғары тиімді 25 трамвай сатып алынып, рельс жолын ұзарту жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының хабарлауынша, аймақта көліктік инфрақұрылымды дамыту бойынша кешенді шаралар қолға алынған.
Биыл өңірде жергілікті маңыздағы жолдар мен ауылдардың жолдарын жөндеу бойынша 206 жоба жүзеге асырылуда. Бас-аяғы 600-ден астам шақырым қалыпқа келтіріледі. Бұған бюджеттен 34 млрд теңге бөлінді. Мәселен, биыл Ақтоғай ауданы мен Екібастұз ауылдық аймағын қосатын жолдың реконструкциясы жүргізіліп жатыр. Жаңа инфрақұрылым Екібастұз және Астана қалаларына бет алған Ертіс және Ақтоғай аудандарының тұрғындары үшін сапарды 100 шақырымға қысқартады. Бүгінгі таңда жұмыстардың басым бөлігі аяқталды. Кешенді жоспар шеңберінде алдағы үш жылда ауылдарға кіреберіс жолдардың барлығы жөнделеді, - дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Омар.
Жолаушылар тасымалы саласында да оң өзгерістер көп.
Қалалық жолаушылар тасымалына 259 автобус жұмылдырылса, олардың 30-ға жуығы 7 жыл қызмет етуде. Тозу көрсеткіші - 10%. Автобус паркінің тозуын азайту мақсатында лизингтік несиелеу бағдарламасы бойынша 199 жаңа көлік сатып алынды. Ал жыл соңына дейін тағы 54 жайлы автобус қолданысқа берілмек. Трамвай желісін жаңартуға да баса назар аударылуда. Сонымен қатар, рельсті көлік жүретін бағыт 4,8 шақырымға, яғни «Достық» шағын ауданына дейін созылады, - дейді Нариман Омар.
Айта кетейік, қазіргі уақытта жолаушы тасымалдайтын 14 трамвай бағыты субсидияланады.