Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жылдағы дәстүр бойынша дарынды балалармен кездесті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш шараға 2018-2019 оқу жылында халықаралық, республикалық олимпиадаларының 61 жеңімпазы мен жүлдегері және оларды дайындаған ұстаздары қатысты.
Биылғы жылы өңір оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадаларда 191 медальге ие болды. Оның ішінде Ресей, Оңтүстік Африка, Австралияда өткен халықаралық олимпиадаларда 29 медальге және республикалық деңгейдегі түрлі зияткерлік шараларда 162 медальге қол жеткізді.
«Сіздер бүгін бұл жерде өздеріңіздің ақыл, ерік-жігерлеріңіздің арқасында отырсыздар. Сіздердің білім саласындағы жетістіктеріңіз – болашақтың кепілі. Сіздердің қабілеттеріңіз бен дарындарыңыз біздің қоғамға қажет болады», - деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі оқушыларға алғыс хат пен 100 мың теңгелік ақшалай сертификат және дарынды балаларды дайындаған 13 мұғалімге алғыс хат пен 200 мың теңгелік сертификат табыстады.