Павлодарда 50-ден астам медицина қызметкері айлар бойы тиесілі еңбекақысын ала алмай келген. Прокуратура жүргізген мониторинг барысында «Дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінде» заң бұзылғаны анықталып, 16 миллион теңгеден астам берешек өтелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Павлодар қаласының прокуратурасы бұқаралық ақпарат құралдарына жүргізілген мониторинг барысында КМҚК «Дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінің» дәрігерлеріне жалақы төленбегенін анықтады.
Жүргізілген талдау нәтижесінде Еңбек кодексі нормаларының бұзылғаны расталды. Мекеменің 57 қызметкері алдында жалпы сомасы 15 млн теңге көлемінде жалақы берешегі және 1,8 млн теңге мөлшерінде міндетті аударымдар бойынша қарыз қалыптасқан. Павлодар облысының Спорт басқармасына енгізілген қадағалау актісі бойынша жалақы және міндетті төлемдер жөніндегі берешек толық өтелді, - деп хабарлады Павлодар облысы прокуратурасы.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде оқытушы ата-аналардан миллиондар жинағаны белгілі болды.