Ертіс өңірінде Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың 100 жылдық мерейтойына орай патриоттық-экологиялық акция өтті, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Павлодарлық іздестіру жасақтарының белсенділері «Даңқ аллеясы» шарасын жалғастырып келеді. осы жолғы шара қиын жағдайға тап болған балаларды қорғау орталығының аумағында өтті.
«Майдан жолы» іздестіру жасағының командирі Александр Шитовтың айтуынша, патриоттық шараға интернаттың тәрбиеленушілері, полиция қызметкерлері мен жергілікті оқу орындарының студенттері қатысты.
Акция басталмас бұрын Ұлы Отан соғысында ел үшін от кешкен батырларымызды бір минут үнсіздікпен еске алдық. Кейін шәкірттер интернат аумағына 50 жас көшетті отырғызды. Енді білім беру ошағында талдар мен теректер жайқалып өсетін болды. Оқушылар өсімдіктерге күтім жасайды, - дейді Александр Шитов.
Еске сала кетсек, үстіміздегі жылдың жазында «Майдан жолы» отрядының мүшелері «Батырлар жолымен» халықаралық акциясы аясында Беларусь Республикасы Витебск облысының Дубровенск ауданында болды. Экспедиция барысында соғыс жылдары хабар-ошарсыз кеткен отандастарымыздың жатқан жері табылды.
Экспедиция барысында 18 жауынгердің сүйегі табылды. Майдангерлердің ерлігін еске алу мақсатында 18 жас ағаш отырғызылды. Енді «Даңқ аллеясы» шарасы игі дәстүрге айналды, - дейді шараның ұйымдастырушылары.
Шараны өткізудегі басты мақсат – Отан үшін отқа түскен ата-бабаларымыздың мәңгі еске сақтау және олардың ерлігін келер ұрпаққа үлгі ету.