Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Павлодарда Тәуелсіздік күніне орай Раскова көшесі, 2/1 мекен-жайы бойынша орналасқан жаңа тұрғын үйдің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Тоғыз қабатты үйдің құрылысы 2018 жылы желтоқсан айында басталған. Мердігер ұйым - "UM Engineering" ЖШС. Жаңа үйде 72, яғни, 36 бір бөлмелі, 18 екі және 18 үш бөлмелі пәтер бар. Ал пәтерлердің жалпы ауданы 42 мың шаршы метрді құрайды.
28 жыл ішінде Қазақстанда көптеген жаңа ғимараттар, сондай-ақ шағын аудандар салынды. Міне, бүгін ұлы мереке қарсаңында, "7-20-25" бағдарламасы бойынша пәтер алған бақытты отбасыларды көріп тұрмын. Елбасы мен президенттің дана саясатының арқасында елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Егер үш жыл бұрын біз жылына 165 мың шаршы метр салсақ, қазір 300 мыңнан астам шаршы метр салудамыз. 2021 жылы біз Сарыарқа шағын ауданын аяқтаймыз. Ал келесі жылдан бастап осы шағын ауданды абаттандырумен айналысатын боламыз, - деді пәтер кілттерін табыстау кезінде облыс әкімі Болат Бақауов.
Жаңа пәтерлерге 72 үміткердің 20-сы тұрғын үй сертификатын алған. Қалған 52 отбасы пәтерді өз қаражатына сатып алды. Ғимараттағы 1 бөлмелі пәтерлердің ауданы 40-46 шаршы метрді, 2 бөлмелі 62-64 шаршы метр, 3 бөлмелі 83,1-83,8 шаршы метрді құрайды.
Қоныс тойын тойлап жатқандардың бірі – Павлодар мұнай-химия зауытының қызметкері Тоқтар Өміртаев.
Павлодарға келгеніме үш жыл болды. Қаражатты осы уақыт аралығында жинадық. Жастар жылы мен Тәуелсіздік күні қарсаңында жас отбасы ретінде армандаған үйімізге қол жеткізіп отырмыз. Өте қуаныштымын. Армандардың орындалатынына сенемін, - деді Тоқтар Өміртаев.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыста 170 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11пайызға артық. 272 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. Жыл соңына дейін тағы да 1399 отбасы пәтер кілттеріне ие болады.