Павлодарда кәмелеттік жаста толмағандар ісі жөніндегі ауданаралық сотта балалардың қауіпсіздігіне салғырт қараған тәрбиешіге қатысты іс қаралып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Күдікке 30 жастағы әйел ілікті. Оған бала денсаулығы мен қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеді деген айып тағылып отыр.
Павлодар қаласы прокурорының орынбасары Марат Әлкеновтің хабарлауынша, оқыс оқиға үстіміздегі жылдың 29 ақпанында болған.
Бала тәрбиешінің қарауынсыз болған. Тәрбиеленуші бөлмедегі кереуеттің шетін ұстап, қозғай бастаған. Салдарынан жиһаздың бір бөлігі үш баланың үстіне құлап түст. Сол кезде топта 14 ұл-қыз болған, - деп хабарлады прокуратура өкілі.
Кейін бала ауруханаға жатқызылып, оған оң жақ сүйек мойнының сыну диагнозы қойылды. Зардап шеккен баланың анасы Ақмарал Жұматаеваның айтуынша, қазіргі уақытта бала неврологтың есебінде тұр.
Оқиғадан соң баланың денсаулығында кінараттар пайда болды. Ұйқысы бұзылып, мазасыздана бастады. Дәрігер ем-дом шаралары қолға алынбаса, соңы эпилепсия дертіне ұласуы мүмкін деді. Алдағы уақытта Астанаға емделуге барамыз. Балабақшадағы жағдайдан соң маған ешқандай хабар түспеді. Кешке келгенде тәрбиешілер «бәрі жақсы» деп сендірді. Алайда, балам жылап, кейін қорқақ болып кетті. Ұйқысы бұзылды. Балабақша әкімшілігі дер кезінде хабарласа, жағдай басқаша болар еді. Ендігі мақсатымыз – әділдік орнату. Бала қауіпсіздігіне жауаптылар кінәларын мойындамай отыр, - дейді Ақмарал Жұматаева.
Айта кетейік, тәрбиешіге тағылған айып бойынша мектепке дейінгі мекеме өкілі екі жылға бас бостандығынан айыру, 2000 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.