Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбектеу жарысына 6 айлық сәбиден бастап, 1,5 жарым жастағы балдырғанға дейін қатысты. Бұл туралы pavlodarnews.kz сйты хабарлайды.
Мәреге кім бірінші болып келетінін бөбектер Жастар бастамаларын дамыту орталығындағы облыстық чемпионатта анықтады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс үшінші жыл қатарынан өткізілуде. Жыл сайын қатысуға ниет білдірушілер саны артуда.
«Алғашында 20 өтініш болған болса, биыл 35 отбасы қатысуда. Чемпионат жас отбасылардың арасындағы отбасылық құндылықтарды арттыруға бағытталған», - деді жастарға қызмет көрсету орталығының жетекшісі Зарина Орақпаева.
Ереже бойынша ата-аналардың жасы 35-тен аспауы тиіс. Биыл ұйымдастырушылар балаларға «Өрмекші адам», «Супермен», «Бэтмен» сияқты балдырғандар арасындағы батырлардың киімін кидірді.
Чемпионат «Алға baby» бөбектер еңбектейтін және «Супер отбасы» бөбектермен бірге ата-аналары сынға түсетін 2 кезеңнен тұрды.
Жас спортшылар 10 метрлік қашықтықты бағындырды. Екінші кезеңде ата-аналар еңбектеумен қатар, жаялық кигізіп, себетке доптарды салды. Аталған 2 кезеңнің қорытындысы бойынша қазылар алқасы жеңімпазды таңдады.
Басты жүлдеден бөлек, бөбектер 12 номинация бойынша сыйлықтарға ие болды. Негізгі үш жүлде бәрінен жылдам еңбектеген бөбектерге бұйырды. Бірінші орынды 10 метр қашықтықты 1 минут 12 секундта бағындырған Надир Нығматуллин жеңіп алды. Жүлдегер отбасыларға тұрмыстық техникалар табысталды.