Павлодарда аз қамтылған отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын құрылғылар орнатылуда

12 Ақпан 2019, 16:35
2462
Бөлісу:
Павлодарда аз қамтылған отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын құрылғылар орнатылуда

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын құрылғылар тегін орнатылуда.

Павлодарлық азаматтық қорғаныс қызметінің мамандары өртке қарсы алдын алу бойынша сақтық шараларын күшейтті. Датчиктер үй ішінде газ иісі пайда болғанда, дыбыстық дабыл қағады. Жылыту маусымы басталғалы бері 120-дан астам құрылғы тегін орнатылды. Бұл іске ірі кәсіпорындар демеушілік еткен.

Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бөлім бастығы Асқар Бүркітбаевтың айтуынша, жыл басынан бері улы газ датчиктерін орнату бойынша үш акция өткен.

«Шаралар облыстың қала-аудандарын қамтиды. Биылғы жылы Екібастұз қаласында да жұмыстар қолға алынды. Әзірге 25 құрал қойылды. Отбасылар үшін бұл қызмет тегін», - дейді маман.

Айта кетейік, бұл шара кешенді сипатқа ие. Жергілікті полиция қызметі мен әлеуметтік қамту қызметінің өкілдері де атсалысуда

Қалалық әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту бөлімі өкілдерінің мәліметінше, 130 отбасы пешпен және газбен жылытылатын ескі үйлерде тұрады. Осыған байланысты төтеншеліктер рейдтік шараларды жылыту маусымының соңына дейін ұйымдастырады.

Жылу маусымы кезінде аймақта 171 өрт болған. Оқыс оқиғалардан келген материалдық шығын 12 млн. 660 мың теңгені құрады. Өрт кезінде 11 адам көз жұмып, 17 адам жарақат алды.

Айта кетейік, жылыту маусымы кезеңінде мамандар облыс аумағындағы жылу секторының 72 мыңнан астам ауласын аралап, тұрғындармен кездескен. Нәтижесінде 224 158 адам қамтылды. Шаралар барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері, пеш құралдары, газ баллондарын қолдану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын азаматтар арасында 720 рейд ұйымдастырылды.

Ақмаржан Әділбек

 

Өзгелердің жаңалығы