Павлодар облысында қатты желдің салдарынан ағаш құлап, жанынан өтіп бара жатқан әйелді басып қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Павлодар тұрғыны алған жарақатынан қаза болды.
Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясында хабарлағандай, 7 қараша күні сағат 09:37-де Естай көшесіндегі үйдің ауласында әйелге ағаш құлаған. Алты минуттан кейін дәрігерлер оқиға орнында болды.
1957 жылы туған әйел зардап шекті. Алған жарақатынан көз жұмды. Екі жіліншік, кеуде қуысының, жамбас сүйектері сынған, омыртқа іштен сынған, ішкі ағзалары жарақаттанған, 3-4-дәрежелі травматикалық шок алған, - деп түсіндірді Павлодар облысының Жедел медициналық жәрдем станциясының баспасөз қызметі.
Павлодар әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылдың мамыр айында ПИК өтінімі бойынша ағаш құлаған үйдің ауласында санитарлық кесу жүргізілген.