Павлодарда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды

16 Наурыз 2022, 16:12
1388
Бөлісу:
Павлодарда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде әйелдер бизнесін дамытуға басымдық берілмек.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жанынан әйелдер бизнесін дамыту орталығы ашылды. Мекеменің қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Райхангүл Абраеваның айтуынша, қызмет әйелдердің сұранысына сай көрсетіледі. 

Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес беріледі. Сонымен қатар, түрлі сұрақтар бойынша оқыту, тренинг шараларын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бизнестің кез келген түрімен айналысатын әйел мамандардың көмегіне жүгіне алады. Нәзік жандыларымыз гранттық қаржыландыруға ие болып, кәсіпкерлік негіздерін меңгере алады. Жалпы, облыстағы кәсіпкер әйелдер әлеуметтік, сауда салаларында ғана емес, өндіріс және ауыл шаруашылығында да шоғырланған. Мәселен, медициналық бұйымдар шығаратын орындар дамып келеді, - дейді Райхангүл Абраева. 

Жобаның басты мақсаты - кәсіпкерлікке жақын және бизнеспен айналысқысы келетін азаматшаларға барынша қолдау, сондай-ақ, қолайлы бизнес-климат қалыптастыру. Бүгінгі таңда елімізде осындай 17 орталық ашылған. Сала қызметкерлерінің айтуынша, әйелдер инновациялық гранттар мен микронесиелерге де ие бола алады. Маркетингтік бағыт, салықтық есеп тапсыру мәселелері бойынша да тегін кеңес беріледі.

Кеңесшілер әйелдер жиі тап болатын қиындықтар мен проблемалар бойынша сараптама да жүргізбек.

 

Өзгелердің жаңалығы