Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде «Нұр Отан» партиясының съезінде айтылған тапсырымаларды орындау мақсатында алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласын қаржыландыруды 60%-ға арттыру үшін қосымша 6,9 млрд теңге қажет.
Жалпы, биылғы жылы облыста алғашқы медициналық-санитарлық саланы дамыту мақсатында шеберлік жоспары әзірленуде. Биылғы жылы саланы қаржыландыруға 11,2 млрд. теңге жұмсалады.
Ал денсаулық сақтау саласын дамытуға бөлінетін қаражат көлемі 7,7% өсті.
Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиеваның мәліметінше, биылғы жылы облыстың денсаулық сақтау саласына 50 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Осы жылы әрқайсысы 23 млн. теңге тұратын үш қозғалмалы медициналық кешен сатылып алынбақ.
«Облыста алғашқы медициналық көмек көрсету ісі еліміз бойынша үздік. Жергілікті жедел медициналық көмек көрсету станциясының қызметтері халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді. Бүгінде қалалық және аудандық қызметтер орталықтандырылып, қызметі толық сандық жүйеге көшірілген. Сырқаттардың мекенжайларына жету уақыты 15 минуттан 8 минутқа қысқарды Алдағы уақытта станция заманауи құрылдармен жабдықталады деп күтілуде. Биыл салаға 500 млн. теңгеге жуық қаржы қарастырылады», - дейді маман.
Айта кетейік, бүгінде онкологиялық қызметті дамыту мақсатында 14 корпустан тұратын алып онкологиялық диспансер бой көтеруде. Оның құрылысына мемлекет бюджетінен 7 млрд. теңге бөлінген.