Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодардың түзету мекемелерінде тұрғындарды вакцинациялаудың мәселелері бойынша лекциялар өтіп, сотталғандарға вакцинация жасаудан бас тартудың қауіптілігі туралы айтылды, деп жазады Kazislam.kz.
Іс-шараның ұйымдастырушысы – облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы мен тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті.
Эпидемиолог-дәрігер Қарлығаш Райысова екі күн ішінде барлық колонияда жаппай эпидемиялардың пайда болуының себептері, балалар мен ересектерді вакцинациялау, инфекциялық аурулардың алдын алу туралы лекциялар оқыды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, кездесулер негізінен экстремизммен және терроризммен байланысты қылмыстары үшін жазаларын өтеп жатқан адамдар үшін өткізілді. Дәстүрлі емес ағымдар өкілдерінің діни көзқарастары бойынша екпе алудан бас тартауы жиі кездеседі.
Бүгінгі күні Павлодар қаласы бойынша 400-ден астам бала ата-аналарының қарсылық білдіруіне байланысты екпе алмаған.
Эпидемиология саласының маманы тыңдаушыларға Қазақстанда екпеден бас тартқандарға айыппұл салу шарасын енгізу жоспарланып отырғандығы жөнінде айтты. Кездесулер барысында сотталғандарға ата-аналарының екпеден бас тартуынан көз жұмған, мысалы сіреспе (столбняк) ауруынан қайтыс болған балалардың жағдайлары туралы бейнеролик көрсетілді. Сотталғандар әртүрлі ауруға қарсы екпелер бойынша сауалдар қойып, маманнан толық жауап алды.