Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс орталығында жаңа онкологиялық орталық бой көтерді. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлады.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Болат Бақауов қатысты. Онкологиялық орталықтың поликлиникасы бір ауысымда 100 адамды қабылдай алады.Бүгін үлкен мейрамның алдында осындай өңір жұртшылығының арманы болған ғимаратты ашып отырмыз. 3 жыл бұрын онкодиспансер керек екендігі туралы мәселе көтерілді. Қызметкерлерге сәтті жұмыс тілеймін. Осы орталық арқылы мыңдаған адамдарға көмек көрсетеміз. Бүгінде облысымызда онкологияға қатысты жылына 1,5 мыңнан астам ота жасалады. Оның 30 пайызы эндовидеохирургиялық жолмен жүзеге асады. Біздің онкологтардың арқасында сапа артып келеді. Бұнда барлық қажетті құрал-жабдық бар. Әлі де жетілдіретін боламыз. Ешкім ауырмасын. Мерекелеріңіз құтты болсын, - деді Болат Бақауов.
Жаңа орталықтың құрылысына 7 млрд теңгеден астам, ал, құрал-жабдықтарға 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Онкологиялық орталықта компьютерлік томограф, магнитті-резонанстық томограф, эндоскопиялық құрал-жабдықтар, С-доғасы бар рентген құрылғы, кіші инвазивті операциялар жүргізуге қажетті радиожиілікті абляция аппараты мен эндовидеохирургиялық құрал-жабдықтар сатып алынып, орнатылды. Жаңа технологиялардың арқасында толық сәулелі терапияны бар-жоғы үш күннің ішінде алуға болады.
Орталықта 400-ден астам маман жұмыс жасайтын болады. Орталықтың жалпы ауданы 24 мың шаршы метрді құрайды. Бұл - облысымыздағы ең үлкен медициналық орталық. Дәрігерлер ұжымының орташа жасы 41 жылды құрайды. Яғни жасы да, тәжірибелісі де бар. 200 жатар орын бар. Тәуліктік стационарда науқастар келіп ем қабылдап, 2-3 сағат жатып, үйлеріне қайтады. Бұрын ота жасағаннан кейін адам 12 күн жатқан болса, енді 3-5 күн ғана жататын болады. Науқастар тиісті ем де қабылдайды. Бізде дәрілерге жылына 800 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Мысалы, кейде бір адамға жылына 20 млн теңге кетеді. Бұның бәрін мемлекет береді. Бұндай өз адамдарына қарайтын елдер өте аз. Біздің саламыз даму үстінде. Бұрын жасалмаған емдеу шаралары, отаның да жаңа түрі жасалады, - деді Онкологиялық диспансердің басшысы Мұрат Сүлейменов.
Орталық басшысының айтуынша, онкологиялық дертке шалдықты деген күдікпен келіп тексерілу аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, мүгедектерге, кейбір зейнеткерлерге тегін. 1 ай уақыт аралығында орталықта қалай тексеруден өтуге болатыны, бағасы қанша тұратыны жөнінде 1 айдың ішінде нақтыланып, аудандарға және поликлиникаларға таратылады.
Еске салайық, тұрғындарға мамандандырылған онкологиялық көмектің көлемін кеңейтіп, сапасын арттыру және науқастарды оңалту үшін онкодиспансерде жаңа стационарлық бөлімшелерді, жеке операциялық-реанимациялық блок, емхана бөлімшесін және әлемдік стандарттарға сай келетін сәулелік терапияның интервенциялық әдістерін өткізуге қажетті радиациядан қорғау бункерлері бар радиологиялық бөлімшенің жеке 4 корпусын ашу жоспарланып отыр.