Павлодарда 20-дан астам көпқабатты тұрғын үй сусыз қалды

1 Наурыз 2019, 13:32
2143
Бөлісу:
Павлодарда  20-дан астам көпқабатты тұрғын үй сусыз қалды
Фото: автордан

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Павлодар қаласында коммуналдық апат болып, 20-дан астам көпқабатты үй мен бірнеше әлеуметтік нысан сусыз қалды.

Мамандардың хабарлауынша, коммуналдық апат бүгін таңертең болған. Қазіргі уақытта Қамзин-Толстой көшелерінің қиылысында апаттық-жөндеу бригадалары жұмыс істеп жатыр. Бұл жол учаскелерінде жол қозғалысына шектеу қойылды.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Ермұрат Нұрхановтың айтуынша, қазіргі уақытта апат салдарын жою мақсатында 30 арнайы техника құралы жұмылдырылған.

«Әзірге жақын маңдағы тұрғын үйлерді жылудан ажырату мәселесі қарастырылған жоқ. Бүгінгі кезде апаттың нақты себебі белгісіз. Осы аумақта ескі құбыр желісі бар. Кезінде қолданыстан шығып қалғандықтан, жерге көміліп тасталған. Басқаша айтсақ, иесіз инфрақұрылым болып табылады», - дейді Ермұрат Нұрханов.

Қала әкімдігі өкілдері мәлім еткендей, кешкі уақытқа дейін жөндеу жұмыстары аяқталып, магистральді желінің жұмысы қалыпқа келтіріледі. Коммуналдық бригадалар құбырдың жарылған орнын анықтап, апат салдарын жоып үлгеру керек.

Еске салсақ, Палводарды осы тектес апат соңғы рет былтырғы жылдың тамыз айында болған. 720 мм. болатын құбыр жарылып, 123 көпқабатты үй ыстық судан ажыратылды. Коммуналдық апат Ломов көшесінің бойында болды. магистральді желідегі судың қысымы қатты болғаны соншалық, сол жерде биіктігі 17 метрге жететін субұрқақ пайда болды. Салдарынан жолдың асфальт жабындысы бұзылып, тұрақтағы жеңіл көліктерге зақым келді.

Өзгелердің жаңалығы