Павлодарлықтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі тексеріледі

28 Қазан 2019, 22:47
1696
Бөлісу:
Павлодарлықтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі тексеріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Қазтест» жүйесі бойынша диагностикалық тестілеу өтуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін тексеру бойынша диагностикалық тестілеуді 28 қазан - 1 қараша аралығында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы бірлесе ұйымдастырды.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Османованың айтуынша, «Қазтест» жүйесі бойынша тестілеудің бірінші кезеңі диагностикалық тестілеу болса, екінші кезеңі - қазақ тілін меңгеру деңгейлерін бағалауға арналған сертификаттық тестілеу.
"Жалпы, аймақта жыл сайын аталмыш тестілеудің екі кезеңі де белсенді түрде ұйымдастырылу да. Осы 5 күн ішінде тестілеумен 2000-ға жуық адамды қамту жоспарлануда. Күн сайын 400 адам өз деңгейлерін анықтай алады. Тестілеуге мемлекеттік қызметшілер, прокуратура, сот, кеден қызметкерлері және барлық ерікті адамдар қатысуда. Егер сертификаттық тестілеуге қатысамын деушілер болса ақылы түрде өтуге мүмкіндіктері бар. Биыл 100 адам сертификаттық тестілеуге қатысуға ниет білдірді. Оның ішінде 55 адам Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары және 45 адам KEGOC компаниясының өкілдері. Тестілеу нәтижесі екі жұмадан кейін белгілі болады. Әр мекеме басшылығына қатысушылардың тізімі мен жинаған ұпайлары жазылған хат жіберіледі" - дейді Сәуле Османова.
 
ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының Қазтест жүйесін дамыту жөніндегі басқармасы тестілеуді ұйымдастыру бөлімінің аға сарапшысы Нұрбек Нұрымбетов тестілеу 150 тест тапсырмасынын тұратынын және 150 минут уақыт берілетінін айтады.
"Тест сұрақтары бес деңгейге бөлінген, бұл – қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары және жоғары. «Қазтест» бес жылдан астам өткізіліп келеді. Нәтижесінде көрсеткіш жыл сайын көтерілгені байқалады. Бағдарламаның 2020 жылға дейін мемлекеттік тілді 85 %-ға дейін көтеру пункті бойынша көрсеткішке жақындап келе жатырмыз", - дейді аға сарапшы. 

Нұрбек Нұрымбетов Павлодар облысы тестілеуді өткізу, ұйымдастыру жағынан жоғарғы деңгейде, ал көрсеткіш бойынша солтүстік өңір болғандықтан, оңтүстік өңірлеріне қарағанда төменірек екенін айтады. Айта кеткен жөн, «Қазтест» жүйесі халықаралық тілдік білімді бағалаудың TOEFL, IELTS, DALF/DELF, DSH, CELL, tömer, және т. б. жүйелерінің қағидаттарына негізделіп жасалған.
Өзгелердің жаңалығы