Павлодарда 1 жылда шақалақтардың көз жанарына 40-тан астам операция жасалады

4 Сәуір 2023, 15:32
804
Бөлісу:
Павлодарда 1 жылда шақалақтардың көз жанарына 40-тан астам операция жасалады
Фото: автордан

Ертіс өңірінде шала туған нәрестелердің көз ауруларын ерте кезеңде анықтап, ем-дом шараларын уақытында жүргізуге баса назар аударылған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Көз дәрігерлерінің айтуынша, шақалақтар арасында ретинопатия ауруы жиі кездеседі. Оны ерте кезеңде анықтамаса, соңы көз мүгедектігіне әкеп соқтыруы мүмкін.

Офтальмолог дәрігер Сәуле Ғабдулғазизованың айтуынша, балалардың көз жанарына скрининг өмірінің 3-4 аптасында жасалады.

Ретинопатия анықталса, ем-дом шараларын тағайындаймыз. Бұл аурудың бірнеше кезеңі бар. Бала үшінші кезеңге жетсе, шұғыл түрде оперативті емдеу қажет. Ал төртінші және бесінші кезеңге дейін асқынулар болса, шақалақ көру қабілетінен айырылуы мүмкін. Яғни, ота жасалады. Біздің перинаталдық орталықта скрининг жасау бағдарламасы соңғы сегіз жыл бойы жүргізіліп келеді. Өткен жылы демеушілердің қаражатына бинокулярлы офтальмосков, лазерлі құрылғылар сатып алынды. Хирургтер еліміздің ғылыми-зерттеу институттарында біліктіліктерін арттырды, - дейді офтальмолог-дәрігер.

2015 жылдан бері мақсатты топқа жататын, яғни, айы-күні жетпей туған 3163 бала медициналық тексеруден өткен. Олардың 19,8%-да ретинопатия анықталып, ем жүргізілген. Оперативтік емдеу нәтижесінде нәрестелердің көру қабілетін толық қалыпқа келтіруге мүмкіндік бар.

Енді офтальммологиялық зерттеу, скрининг жүргізу жұмыстары жеңілдей түспек. Жуырда перинаталдық орталықтың материалдық-техникалық базасы жаңа құралмен толықты. «Қазақстан халқына» қоры офтальмологиялық жабдықты сыйға тартты. Бұл іс «Шала туылған нәрестелерге офтальмологиялық скрининг жүргізу және ретинопатиясын емдеуге арналған жабдықтармен медициналық ұйымдарды қамтамасыз ету» қайырымдылық бағдарламасы аясында атқарылды.

Қор басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, еліміз бойынша 28 орталыққа офтальмологиялық құрал-жабдықтар алынған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша өткен жылы салмағы 2500 грамнан аз 20 мыңнан астам бала дүниеге келген. Оның ішінде 1500 грамнан аз балалар да бар. Осы балалар арасында ретинопатия дерті кездесуі мүмкін. Мақсат – көз мүгедектігін алдын алу, нәрестелердің сауығып кетуі үшін сапалы ем жүргізу, - дейді Ләззат Шыңғысбаева.

Айта кетейік, диагностикалық асфералық линзалар мен офтальмологиялық лазерден құралған кешеннің бағасы 33 млн теңгеден асады.

Өзгелердің жаңалығы