Павлодар қаласының әкімі қызметінен кетті

4 Қыркүйек 2023, 15:41
754
Бөлісу:
Павлодар қаласының әкімі қызметінен кетті
Фото: Павлодар қаласының әкімдігі

Павлодар қаласының әкімі болған Ержан Иманзаипов қызметінен босатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Бұл туралы Zakon.kz мәлім етті.

Тиісті құжат 2023 жылғы 4 қыркүйекте шыққан.

Әкімдік мәліметінше, бұл шешімге әкімнің қоластындағылары арасында жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмауы, облыс орталығын абаттандыру және тұрғындар үшін маңызды жобалаларды дамыту барысында қажетті бақылаудың болмауы, қалалық әкімдіктің Павлодар халқымен байланысының нашарлауы себеп болған.

Ержан Бейбітұлы Иманзаипов 1984 жылы туған. Екі жоғары білімі бар. 2006 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін өнеркәсіптік жылуэнергетика мамандығы бойынша, 2010 жылы – Алматы экономика және статистика академиясын қаржы мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек қызметін 2006 жылдың наурызында Павлодар қаласы «Павлодарэнерго» акционерлік қоғамының машинист-қараушысы болып бастады.

«Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінде тұрғындармен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас маманы; Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің жетекші маманы болып істеді.

2007 жылдың наурызынан бастап 2014 жылдың сәуіріне дейін Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің құрылымдық бөлімшелерінде жетекші маман лауазымынан Департамент директорының орынбасары лауазымына дейін қызмет етті.

2014 – 2017 жылдары Павлодар және Екібастұз қалалары әкімінің орынбасары.

2017 – 2019 жылдары Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы.

2019 – 2020 жылдары Екібастұз қаласының әкімі.

2021 - 2022 жылдары Павлодар қаласы әкімі аппаратының басшысы.

2022 жылдың 29 желтоқсанынан бастап Павлодар қаласының әкімі болып тағайындалды.

Мемлекеттік қызмет өтілі 15 жылдан асады.

Өзгелердің жаңалығы