Павлодар қаласы Білім басқармасы сабақ ұзақтығы неге қысқартылғанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Білім беру объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың 71-тармағына сәйкес жалпы білім беретін ұйымдағы сабақтың ұзақтығы 45 минуттан аспауы тиіс. Жалпы білім беретін ұйымдардың барлық түрінің оқушылары үшін сабақтар арасындағы үзілістердің ұзақтығы кемінде 5 минутты, үлкен үзілістер (2 немесе 3 сабақтан кейін) – 30 минут. Бір үлкен үзілістің орнына екінші және төртінші сабақтардан кейін әрқайсысы 15 минуттан екі үзіліс жасауға рұқсат етіледі.
Ата-аналар мен оқушылардан 45 минуттан оқыған кезде екінші ауысым сабақтарының кеш аяқталуына қатысты өтініштер келіп түсті. Соңғы сабақ сағат 20:40-та аяқталды. Осы талаптарды ескере отырып, уақыттың өзгеруі мен азаматтардан түскен өтініштерге байланысты, Павлодар қаласының 7 мектебінде (№21,29,39,43 ЖОМ, Ш. Шөкин, Байтұрсынұлы, Әуезов атындағы) 2 және 4 сабақтан кейін сабақтарды 40 минутқа дейін қысқарту және 15 минуттық үзіліс ұйымдастыру туралы шешім қабылданды, онда оқушылар саны 2000-нан асады, - делінген Білім басқрмасының ресми жауабында.
Бүгінгі таңда осы жалпы білім беретін мектептердегі сабақтар сағат 19.20-да аяқталады.
Басқарманың мәліметінше, осы өзгерістер жоғарыда аталған санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың 72-тармағына сәйкес қамқоршылық кеңеспен келісілді.
Бұған дейін депутат Асхат Аймағамбетов Павлодар мектептеріндегі сабақ ұзақтығының қысқартылғанына қатысты ойын айтқан болатын.