Жақыныңа жақын бол: Павлодар онкологиялық диспансері жаңа ғимаратқа көшті

20 Маусым 2020, 15:31
1986
Бөлісу:
Жақыныңа жақын бол: Павлодар онкологиялық диспансері жаңа ғимаратқа көшті
PHOTO
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысындағы онкологиялық диспансердің ұжымы кәсіби мерекелерін жаңа ғимаратта қарсы алмақ. Ескі нысанда орналасқан медицина мекемесінің барлық бөлімі заман талаптарына сай ғимаратқа көшірілді.

Жаңа диспансерлік кешен 14 ғимараттан құралған. Оның құрамында 200 орындық стационар, 100 орындық емхана, операциялық блоктар сияқты бөлімшелер шоғырланған.

20200612_110604.jpg

Ал диспансер 70 жыл бұрын салынған бес қабатты ескі ғимаратта орналасқан еді. Ғимарат жатақханаға лайықталғандықтан, онкологиялық диспансердің талаптарына сай болмаған. Десе де, осындай емдеу мекемесінде инновациялық технологиялар енгізіліп, бір жылда жүздеген операция жасалды.

Облыстық онкологиялық диспансердің хирургиялық бөлімінің меңгерушісі Ульфат Боромбаевтың айтуынша, өткен күндер келмеске кетті. Енді жоғары технологиялы оталар мен емдеу шаралары заманауи құралдармен жабдықталған нысанда жасалады.

Диспансердің құрылысына мемлекет бюджетінен 7 млрд теңге бөлінді. Ал заманауи құрал-жабдықтарды сатып алуға 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Қазіргі ғимараттың жалпы аумағы 24 мың шаршы метрден асады, бұрынғы жерден 5 есе артық.

1446.PNG

Бұрынғы ғимаратта үш операциялық блок болды. Енді біздің қарамағымызға кең әрі халықаралық стандарттарға жауап беретін бес бөлімше берілді. Ескі ауруханада 22 жыл бойы жұмыс істедім. Жаңашыл технологияларды ескере отырып салынған бұл блоктарда "таза ғимараттар кешені" бар. Яғни, ота жасауға арналған құралдар, препараттар, бәрі бір жерде шоғырланған. Осындай операциялық блоктар облыста тек кардиохирургия орталығында ғана бар. 3D бейнежүйесі, лапароскопиялық операцияларды жүргізуге арналған құралдар иелігімізде, - дейді ҚР Медицина үздігі Ульфат Боромбаев.

Бүгінгі таңда хирургиялық-жасақтау бөлімінде 20-ға жуық маман жұмыс істейді. Ал онкологиялық диспансерде 300 адамнан құралған ұжым бар.

Өзгелердің жаңалығы