Ертіс өңірінде саяжай массивіндегі өрттер жыл сайын сәуір, мамыр және маусым айларында жиілей түседі. Былтыр өрт қауіпті кезеңде 122 оқиға тіркелген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мамандардың мәліметінше, тілсіз жаудың таралуы салдарынан жалпы аумағы 100 гектарда жатқан 527 учаске жанып кетті.
Қазір саяжай шаруашылықтарында рейдтік шаралар күшейтілді. Учаске иелерімен профилактикалық әңгіме жүргізіп, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіреміз. Құрғақ шөп немесе қоқысты әдейі өртеу деректерін тіркелсе, бағбандарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылады, - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басқармасының инженері Ілияс Гусейнов.
Былтырғы жылдың өрт қауіпті кезеңінде рейд барасында ереже бұзған 200-ден астам павлодарлық жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 60-қа жуық саяжай иесіне 2 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Сала мамандарының биылғы кезеңге дайындығы қызу. Барлық саяжай шаруашылықтарында 36 мобильді топ құрылды. Енді 200-ге жуық полицей, өрт сөндіруші мен ерікті тұрақты рейд шараларын жүргізіп отырады. Осы күнге дейін 27 рейд ұйымдастырылған.
Орман өрттеріне келсек, мұнда да жағдай мәз емес. Былтыр 207 орман өрті болып, 3,5 мың гектар жанды. Деректерді болдырмау мақсатында шаралар жоспары әзірленіп, оның аясында өрт бекеттерінің желісі кеңейді. Өрт туындаған жағдайда бірден іске кірісетін жеке құрам мен үш тәулікке дейін күресуге қауқарлы және сыйымдылығы жоғары техника жиынтығы дайын. Ал адам жүре алмайтын және техника өте алмайтын орман учаскелерін бақылау үшін «ҚазақстанҒарышСапары» мекемесімен келісімшарт жасалып, «Ертіс орманы» резерватында заманауи техникамен жабдықталған мұраналар іске қосылды.