Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысында үздік отбасылар анықталды.Отбасы күніне арналған шара жастар бастамаларын дамыту орталығында өтті.
Pavlodarnews.kz сайтының мәліметіне қарағанда, биыл байқау үздік жұмыстар көрмесі түрінде ұйымдастырылған.
Екі ай бойы ҚР Мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңына сәйкес 29 жасқа дейінгі отбасылық жұптардан өтінімдер қабылданды.
Байқау шарты бойынша отбасы мүшелерінің шығармашылық қабілеттері мен отбасылық дәстүрлерінің ерекшеліктерін ашатын бейнеролик дайындау қажет болды. Павлодар облысының қалалары мен аудандарының жас отбасылары "Бармағынан бал тамған", "Сәнқой" және "Даңқ минуты" аталымдары бойынша өз өнерлерін көрсетті. Байқауға барлығы 20 өтінім келіп түсті, алайда оның төртеуі техникалық іріктеуден өтпеді, - дейді "Кенжекөл жастары" жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жұлдыз Малдыбаева.Қазылар алқасының шешімі бойынша "Бармағынан бал тамған" аталымын Шарбақты ауданы Сосновка ауылының тұрғыны Хибат Бауыржан мен Авдол Ламияның отбасы, "Даңқ минуты" аталымын Баянауыл ауданынан келген Тәттімбет Жасқайратұлы мен Дариза Мешітбайдың отбасы жеңіп алды. Екі отбасы диплом және LED теледидармен марапатталды. Сондай-ақ қосымша Железин ауданынан Бутеевтер, Павлодар ауданынан Сағынтай, Май ауданынан Төлеген, Успен ауданынан келген Жігер-Дулат отбасыларына "Көрермен көзайымы" аталымы бойынша дипломдар мен ас үй комбайндары табыс етілді.
Жүлделі орын алмаған отбасыларға да тұрмыстық техникалар сыйға тартылды.
Іс-шара Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы "Кенжекөл жастары" жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.