Павлодар облысының әкімі 13 баланың анасына көмектесуге уәде берді

30 Тамыз 2019, 08:32
1642
Бөлісу:
Павлодар облысының әкімі 13 баланың анасына көмектесуге уәде берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады pavlodarnews.kz.

Болат Бақауов «Nur Otan» партиясының кеңсесінде азаматтарды жеке қабылдауын өткізді. 

«Мен керемет адаммен таныстым. Анастасия Воропаева күйеуімен бірге 13 бала тәрбиелеп отыр! Отағасы және үлкен балалары жұмыс істейді. Ал кішілері мектеп пен балабақшаға барады. Отбасы Ақсу қаласында тұрады және Анастасия айтқандай, ештеңеге мұқтаж емес. Анастасия сұраған жалғыз нәрсе – қазіргі тұрып жатқан орындарын кеңейту. Бір кездері Воропаевтар кішігірім үйге өздері жалғап құрылыс салған. Енді қайтадан өз тұрғын үйлерін ұлғайтқысы келеді. Өйткені, 70 шаршы метрге 15 адам сыймайды. Біз осындай мейірімді және еңбекқор адамдарды барлық жағынан қолдаймыз! Қыркүйек айында Анастасияның отбасына барып, оған қалай көмектесе алатынымызды көруге уәде бердім», - деп жазды Болат Бақауов.

Өңір басшысы үш сағат бойы әріптестерімен жиырмадан астам азаматты өздерін толғандырған мәселелер бойынша қабылдағанын атап өтті.  

«Әрине, олардың көпшілігі қабылдауға тұрғын үй мәселесін шешу үшін жазылады. Кейбіреулер алимент өндіру және басқа да құқықтық мәселелер бойынша, кей адамдар ата-бабасының есімін ұлықтау үшін немесе медициналық-әлеуметтік мекемеге рәсімделу жөнінде өтініш айтады. Бүгін сұхбаттасқан жандардың ішінде маған Instagram әлеуметтік желісі арқылы хабарласқандар да болды. Лидия Анохина мүгедек баласын «Самал» оңалту орталығындағы екінші қабаттағы топтан бірінші қабатқа ауыстыруды сұрады. Ата-аналардың көпшілігі көмекке мұқтаж балаларын екінші қабатқа тасуға мәжбүр екендігін ескеріп, біз оңалту орталығында арнайы көтергіш орнату туралы шешім қабылдадық. Бұл мәселе жақын арада шешілетін болады», - деді Болат Бақауов.

Бұндай қабылдауларды облыс әкімі әр сейсенбі сайын өткізеді. 

Өзгелердің жаңалығы