Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің денсаулық сақтау ұйымдары науқастарды қайта қабылдап жатыр. Әзірге жұмыс уақыты бойынша шектеу бар, себебі, карантин режимі толық шешілген жоқ.
Жұмыс барысында емханаларда санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады. Үйреншікті тірліктеріне кіріскендердің қатарында облыстық кардиохирургиялық орталықтың мамандары бар. Қазіргі уақытта алдын ала жазылған азаматтар ем қабылдап жатыр.
Қазіргі уақытта кардиохирургиялық орталықта 500-ден астам маман еңбек етеді. Олардың сегізі - жүрекке операция жасайтын хирургтер. Төтенше жағдай кезінде мекеме тек шұғыл көмекті қажет ететін пациенттерді қабылдады.
Айта кетейік, карантин кезінде екі бірдей инновациялық ота енгізілді. Нәтижесінде мамандар жасайтан операциялардың саны 20-ға жуықтаған.
Орталық директоры Әділжан Әлбазаровтың айтуынша, төтенше жағдай кезінде медициналық сақтандыру қорынан түсетін қаражат 70%-ға қысқарып қалған. Сондықтан, алдағы уақытта мамандар қауымы тұрғындарға толыққанды қызмет көрсетуге дайын.
Карантин режимі енгізілгенге дейін 1400-ден астам адамды ауруханаға жатқызып, емдедік. Ал карантин кезінде олардың саны 270-ке қысқарды. Себебі, жоспарлы ем-дом шаралары кейінге шегерілді. Енді жұмысқа кірісуге дайынбыз. Қажетті материалдардың барлығымен қамтылғанбыз, - дейді Әділжан Әлбазаров.Айта кетейік, төрт ай ішінде орталықтың көмегіне 1678 адам жүгініп, емделіп шыққан. Олардың 50-ге жуығы - бала. Ашық жүрекке 250 ота жасалған. Жүрегі сыр бергендердің ішіндегі 24 науқас - бала бар. Ал интервенциялық операция 257 адамның жүрегіне жасалды.