Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңес отырысында өңірдің тоғыз ай ішіндегі дамуы талқыланды, деп жазды pavlodarnews.kz.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев айтып өткендей, жалпы алғанда 2019 жылдың тоғыз айы ішінде облыстың даму динамикасы оң сипатқа ие. Оның ішінде өнеркәсіптік өндіріс көлемі 101,8%-ға артса, ауыл шаруашылығы - 101,3%, бөлшек сауда - 102,3%, көтерме сауда - 105,2%-ға артқан. Облыс экономикасына 299 млрд теңге инвестиция тартылды.Сонымен бірге, Мақсат Тұрлыбаев жыл соңына дейін облыс дамуына жасаған жоспарларымен таныстырды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысының сөзіне қарағанда, құрылыс саласында көзделген межені орындамау қаупі сақталуда.
"Биылға жоспарланған 101,8% көрсеткішіне жету үшін үш айда жалпы құны 71 миллиард теңге құрылыс көлемін қамтамасыз ету қажет. Облыс қалалары мен аудандары биыл құны 178,2 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстарын орындайды. Бұл салада тағы 30 миллиард теңге жетіспейді", - дейді Мақсат Тұрлыбаев.
Сонымен бірге баспана құрылысы саласындағы оң динамикаға қол жеткізу үшін биыл 284,4 мың шаршы метр үй-жай салу керек. Жыл соңына дейін қосымша 123,2 мың шаршы метр баспана салу қажет.
Кеңес барысында облыс әкімі Болат Бақауов өңір өндірісі динамикасын 102 пайыздан кем емес деңгейде сақтау керектігіне назар аударды.