Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шара өтті. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.
Мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты шарада сөйлеген облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров әріптестерін құттықтады.
«Бұл тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жанын қиған азаматтардың ерлігін мен батырлығын көзге елестететін мереке. Бізге елдің тыныштығын сақтап, Отан үшін қызмет ету үлкен абырой. Осы салтанатты күні сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін», - дейді Амантай Әубәкіров.
Кәсіби мерекеге орай өңіріміздің бірқатар тәртіп сақшылары Ішкі істер министрлігі бұйрығымен жаңа шендерге, сонымен қатар «Ішкі істер органдары» төсбелгілері мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Оған қоса, қызметтерін абыроймен атқарған полицейлер Павлодар облысы әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталды.
Сый-құрметке полиция ардагерлері де кенелді. Сондай ардагерлерінің біріотставкадағы полковник Темірхан Матаев жастарды кішіпейілділікке, халыққа жақынболуды шақырды.
«Ішкі істер органдарында 30 жыл қызмет істедім. Полицияда істегенімді мақтан тұтамын. Біздің кезімізде техникалық қамсыздандыру өте нашар болатын. Мысалы, баспа машинасында жұмыс істеуге кезекке тұратынбыз. Ал, қазір полицейдің барлығында дерлік жеке компьютер бар. Жастарға айтарым – халыққа жақын болыңдар», - дейді Темірхан Матаев.
Айта кетейік, мереке күні Павлодар облысының 555 тәртіп сақшысы әртүрлі наградалармен марапатталып, тағы 299 полицей жалпы сомасы 11 миллион теңге сыйақыға ие болды. Мерекелік кеш концертке ұласты.