Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Еrtіs – adaldyq alańy» жобалық кеңсесі білім беру басқармасымен бірлесіп, өскелең ұрпақты еңбекпен қамту мақсатында «Adal tabys» акциясын бастады. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.
Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің ақпаратына сәйкес, аталмыш шара жазғы мерзімде жоғары сынып оқушыларын жұмысқа орналастыруға бағытталған.
«Акцияны 84 кәсіпкер қолдап, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының басшылары балаларға жазғы мерзімге 750 уақытша жұмыс орындарын ұсынды. Бұдан басқа, жазғы мерзімде жергілікті бюджеттің арқасында 2200 астам мектеп оқушыларын жұмыспен қамту жоспарланған. Олар аймақтарды көгалдандыруға қатысады, сондай-ақ табиғатты қорғау акцияларын өткізеді. Жұмыс берушілер мен кәсіпкерлерді, кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының басшыларын «Adal tabys» акциясына қосылуға шақырамыз.», - дейді департаментте.
Уақытша жұмыс орындары туралы «Еrtіs – adaldyq alańy» жобалық кеңсесіне 65-11-85 телефон нөмірі бойынша, dmdgs_pavlodar@mail.ru электрондық мекен жайына немесе 87474041424 call-орталығына хабарласуға болады.
Мұның барлығы балаларды адал еңбекке бейімдеп, аз қамтылған отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетумен шектелмей, жазғы демалыс уақытында табыс табуға мүмкіндік береді.