Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылы өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарында бір-ақ апат тіркелсе, былтыр олардың саны алтыға жетті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн форматта өткен баспасөз мәслихаты кезінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысы Әсет Әкімжанов 2020 жылғы жұмысының нәтижелерін айтты.2020 жылы департамент жоспарланған 49 тексерістің 34-ін жүзеге асырған. Тексерістердің қалған 30 пайызы пандемияға байланысты өткізе алмадық. 459 ереже бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 720 мың теңгеге 40 әкімшілік айыппұл салынды. Олардың барлығы мемлекет бюджетіне қайтарылды, – дейді Әсет Әкімжанов.
Департамент басшысы айтқандай, 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда өнеркәсіптік кәсіпорындарда апаттар саны алты есеге артқан. Мәселен, 2019 жылы бір ғана апат орын алса, 2020 жылы алты жазатайым оқиға тіркелген. Сол апаттар салдарынан алты адам зардап шегіп, бір адам көз жұмды.
Әсет Әкімжанов атап өткендей, өндірістік апаттардың өсуіне зауыт-фабрикалардағы ескірген құрал-жабдықтарды уақытылы алмастырмау, оларды тексермеу мен қауіпсіздік ережелерін бұзу себеп болған.
Айта кетейік, облыстық департамент өңірдегі 130 кәсіпорынның жұмысын қадағалайды. 11 мыңнан астам қауіпті қондырғылар қолданылады.