Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында биыл жолдарды реконструкциялау, күрделі және ағымдық жөндеу бойынша 103 жоба жүзеге асырылуда. Тас жолдардың барлығы - жергілікті маңыздағы нысандар.
Бас-аяғы 400-ден астам шақырымдық учаскелер жөнделеді. Сала мамандарының айтуынша, жобалардың барлығы мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асырылуда. Бүгінгі күнге дейін 29 нысан бойынша жұмыстар аяқталды. Ал 56 учаске бойынша құрылыс жұмыстары тамыз айына дейін басталады.
Ірі жобалардың бірі Шарбақты ауданында қолға алынған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірдегі грейдерлі жолдарды асфальтпен алмастыру көзделген. Қазіргі уақытта 600-ден астам тұрғыны бар Красиловка ауылына апаратын 23 шақырымдық жол салынып жатыр. Бұл жерде асфальт жабындысы бұрын-соңды болмаған.
Аудан әкімінің орынбасары Ағыбай Әміриннің мәліметінше, аудан аумағында 400 шақырымнан астам аудандық жолдар болса, олардың 200-ден астам шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Яғни көрсеткіш - 85%. Дегенмен, көрсеткішті арттыру көзделген.
Биыл аудан бойынша 43 шақырым жол жөнделеді. Бұл жұмыстарға облыстық және республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінген. Осы уақытқа дейін «Маралды-Жылыбұлақ» бағыты, Сосновка ауылына апаратын жолды жөндеу толық аяқталды. Ал Красиловка ауылының кіреберісін салуға 700 млн теңгенің қаражаты бөлінді. Сонымен қатар қасиетті жер Ғабдулуахит Хазірет кесенесіне апаратын 18 шақырымдық жерге қиыршық тас төселеді. Жолдардың барлығы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде қалыпқа келтірілуде, - дейді Ағыбай Әмірин.
Жөндеу жұмыстарының қарқынына қарамастан, ауданда проблемалық учаскелер баршылық. Өңір басшылығы қиыршық тас төселген жолдарда асфальтпен жабу мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеген. Жалпы сомасы 4 млрд теңгені құрайтын жоба шеңберінде 122 шақырым жөнделеді. Тек мемлекеттік қолдау қажет.
Айта кетейік, Павлодар облысында республикалық маңыздағы жолдардың ұзындығы 5300 шақырымды құрайды. Облыстық маңыздағы 1600 және аудандық маңыздағы 2600-ден астам шақырымдық жол қолданыста.