Павлодар облысында жол-көлік оқиғаларының саны өсті

18 Маусым 2024, 15:26
440
Бөлісу:
Павлодар облысында жол-көлік оқиғаларының саны өсті
Фото: BAQ.KZ -архив

Павлодар облысында жыл басынан бері 335 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 20 адам көз жұмды. Тағы 424 тұрғын жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафиновтың айтуынша, соңы өлімге ұласқан қайғылы оқиғалар бойынша сараптама жүргізіліп, нақты себептері анықталды.

Белгіленбеген жерде жолды кесіп өту, қарсы жол бағытына шығу, жылдамдық режимін сақтамау, қаңғыбас малдың жол бойында жүруі, жүргізушілердің шаршаған күйде көлік тізгіндеуі сияқты негізгі себептер анықталды. Жол апаттарының көбеюіне қарамастан, азаматтардың мас күйде машина жүргізу деректері азайып отыр. Мас жүргізушінің әрекетінен болған апаттар саны 49%-ға кеміді. Жолдағы тәртіпті күшейту мақсатында тәртіп сақшылары бес ай ішінде 54 мыңға жуық ереже бұзу деректері тіркелді. Мас күйінде машина жүргізген 600-ден астам көлік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - дейді Қуаныш Мұстафинов.

Мамандардың айтуынша, апатты жол учаскелері тұрақты бақылауға алынған. Бұл жерлерге қосымша патрульдік топтар қойылған.

Сонымен қатар, халық қолданысындағы жолдардың жағдайын тексеріп отырамыз. Осы жылдың басынан бері біз 16 мың шақырымнан астам жолды зерттеп, 900-ге жуық ақау анықталды. Сонымен қатар, жолдардың жағдайын тиісті деңгейді бақыламаған 99 лауазымды және зағды тұлға жауапкершілікке тартылды. Оларға 3 млн теңгенің айыппұлы салынды, - дейді Қуаныш Мұстафинов.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жол апаттарында зардап шеккендердің әр бесіншісі кәмелетке толмағандар болып шықты. Сараптамаға сәйкес жол бойынша ереже бұзатындардың көбі 30-39 жас аралығындағы жүргізушілер екен.

Өзгелердің жаңалығы