Павлодар облысы Успен ауданында жер қатынастары бөлімінің басшысы Константин Жібеков әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұзушылықты аудан прокуратурасы анықтаған, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Прокуратураның мәліметінше, жер пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурсқа тексеру жүргізу барысында балдарды заңсыз есептеу фактілері анықталған. Бұл дауыс беру нәтижесіне және жеңімпазды анықтауға тікелей әсер еткен.
Анықталған заңбұзушылықтар конкурс рәсімінің ашықтығын бұзып, қатысушылардың құқықтарына нұқсан келтірген. Соның нәтижесінде аудан әкімінің қаулысы заңсыз деп танылды.
Жер қатынастары бөлімінің басшысы ҚР ӘҚБтК-нің 173-бабының 1-бөлігі («Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу») бойынша 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалады.
Прокуратура биыл қолданысқа енгізілген ӘҚБтК-нің жаңа нормалары қолданылғанын атап өтті. Жаңа редакцияда жауапты тұлғалар аясы кеңейтіліп, жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдері де жауапкершілікке тартылатын болды.