Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақсу қаласының іргесінде орналасқан Ақсу кентінде жаңа мешіт бой көтерді, деп хабарлады Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің баспасөз қызметі.
Алла үйінің ашылу салтанатына Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысындағы өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы, Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев және басқа да лауазымды тұлғалар мен ел ақсақалдары, жергілікті тұрғындар қатысты.
«Ақсу қаласының ауылдық аймағында осымен екінші мешіт ашылып отыр. Бұған дейін Еңбек ауылында жаңа мешіт бой көтерген болатын. Ақсу кентінің тұрғындары бұл мешітті ұзақ күтті. Өйткені, Алла үйінің құрылысы бірнеше жылға созылды. Атап өтерлігі, мешіт кент тұрғындарының өз бастамасымен салынды. Олар құрылысқа өздері жетекшілік етіп, демеушілерді іздеп тапты. Әркім қал-қадірінше көмектесті. Елдің өз еңбегімен салынған мешіт ендігі жерде жамағатсыз болмайды, қаңырап бос тұрмайды деген ойдамыз. Мешіт – халықты ұйыстыратын орын. Бұл жер халықты имандылыққа тәрбиелейтін, оқу-білімге шақыратын, зейінін ашатын орынға айналады деп сенеміз», – деді Жолдас қажы Қоспақұлы.
Өкіл имам мешіт құрылысына атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, оларды арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.
Өз кезегінде Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев жаңа мешіттің ел игілігі үшін ұзақ жылдар бойы жұмыс істейтіндігіне сенім білдірді. Сондай-ақ мешіттің құрылысына жетекшілік етіп, бастамашыл болған Ақсу кентінің тұрғыны Амангелді Құсманов ақсақалдың иығына шапан жапты.
Ақсу кентіндегі жаңа мешітке Жомарт Семсерхан бас имам болып тағайындалды. Ол бұған дейін Ақсу қалалық мешітінде наиб имам болып жұмыс істеген болатын.
Ал мешіт дизайнының авторы – Елена Полец. Ол «Атри Дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры.