Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде биылғы жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі айтарлықтай артады.
Қазіргі уақытта жергілікті және облыстық маңыздағы жолдар жөнделуде. Ауқымды жұмыстарға қаражат қалалық және аудандық бюджеттер есебінен бөлінді.
Бүгінде Павлодар облысында қолданыстағы 5300 шақырымнан астам жол бар. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Зеновтың айтуынша, былтырғы жылы жалпы ұзындығы 300 шақырымнан асатын жолды жөндеуге 16 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Облыстағы жергілікті маңыздағы жолдарды күрделі және орташа жөндеуден өткізу мақсатында 50 жоба жүзеге асырылады. Олардың жалпы ұзындығы - 230 шақырым. Оған мемлекеттік бюджеттен 9 млрд теңге қарастырылған. Осы күнге дейін сегіз жоба аяқталды. 14 жоба іске асырылып жатса, тағы 33 жоба аясындағы жұмыстар мамыр-маусым айларында басталады, - дейді Марат Зенов.
Павлодар қаласының көшелеріндегі жол учаскелерін жөндеуге 1 млрд теңге қарастырылған. Ағымдық жөндеу мен асфальт төсеу жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарының барысын Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы жіті бақыламақ.