Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында биылғы шомылу маусымында жабдықталған жағажайлар саны артты. Жаз мезгілінде жекеменшік жағажайлар ашылып, тұрғындар үшін қызмет көрсетуде.
Павлодарлық бизнесмендердің бірі бұған дейін жабайы болып келген орынды жабдықтап,тиісті инфрақұрылымды салып берді. Жаңа демалыс орны Екібастұз қаласы мен Солнечный кентінің тұрғындарына арналған. Жағажай су қоймасының маңында орналасқан.
Кәсіпкер бұл жерге электр энергиясын тартып, толыққанды демалысқа арналған керек-жарақтарды жасап берді. Олардың қатарында шезлонгтер, шатырлар мен дәретханалар бар.
Біздің өңірде демалатын қауіпсіз жерлер өте аз. Себебі жақын маңда су айдындары жоқ. Сондықтан жерді жалға алып, жағажайды жабдықтауды шештім. Осы жерді тазалықта ұстауға тырысамыз. Су қоймасының аумағына кіретін төлемақы бекітілген. Зейнеткерлер мен өзге де әлеуметтік топтарға жеңілдіктер қарастырылған, - дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, жаңа жағажайда демалушылардың қауіпсіздігіне баса мән берілген. Бас-аяғы 14 адам жұмыс істейді. Құтқарушылар, бақылаушылар мен аула сыпырушылар еңбек етуде.
Бүгінгі таңда Ертіс өңірінің аумағында қауіпсіз деп танылған 30 ресми жағажай бар. Олар облыс орталығы, аудандар мен қалаларда, сонымен қатар курорттық аумақтарда орналасқан.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мейрамбек Батырқұловтың айтуынша, жағажайлар шомылу маусымы басталғанға дейін тексеріліп, судың түбі тазартылған.
Бұған қарамастан, адамдар жаздың аптап ыстығында жабайы жерлерге барып демалуды жөн көреді. Соңы қайғылы жағдайлармен аяқталуы мүмкін. Осы уақытқа дейін 15 адам суға кетіп, мерт болды. Біз рейдтік шараларды күшейттік. Бірнеше күн ішінде 42 шара ұйымдастырып, мыңға жуық жадынама тараттық. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, - дейді Мейрамбек Батырқұлов.
Облыстағы өзен-көлдердің маңында қоғамдық тәртіпті бұзған 45 азамат жауапқа тартылған.