Ертіс өңірінде жыл басынан бері тұтынушылардан 700-ге жуық өтініш түскен. Өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда бұл екі есе көп, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлу Әубәкірованың айтуынша, жүргізілген сараптамаға сәйкес шағымдардың басым бөлігі сауда саласына қатысты.
Сауда саласы бойынша 300-ден астам өтініш түсті. Яғни, бізге жолданған шағымдардың басым бөлігі осы салаға қатысты болып шықты. Сараптамаға сүйенсек, өңірде тұтынушылардың құқықтары көбінесе тұрмыстық қызметтер, бөлшек сауда бағыттарында бұзылады. Мәселен, бөлшек сауда өкілдеріне түскен өтініштер саны арта түсті. Шағымдарды қарастыру нәтижесінде тұтынушыларға 32 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды, - дейді Н. Әубәкірова.
Биыл онлайн сауда саласындағы шағымдар саны күрт өскен. Небары бес ай ішінде 100-ден астам өтініш, ал өткен жылы 19 шағым түскен.
Тұрғындардың өтініші бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Былтыр 30 тексеріс ашылса, биыл олардың саны екі есе артып отыр. Нәтижесінде кәсіпкерлерге ескертулер мен ұйғарымдар жіберілді. Қазіргі уақытта саудагерлер бұзушылықтардың барлығын жойды. Департамент өкілдері тұтынушылардың құқықтарын қорғау деректері бойынша үшінші тарап ретінде тоғыз сот отырысына қатысты. Сот шешімі бойынша тұтынушылардың құқықтары қорғалып, заң бұзғандарға әкімшілік айыппұлдар салынды. Соңғы уақытта тұтынушылар сапасыз көліктерді сатып алу мәселесіне тап болуда. Проблема пайда болған соң сатушы тарап олқылықтарды жоюдан бас тартады. Салдарынан екі тарап арасында дау-дамай туындайды, - дейді Нұрсұлу Әубәкірова.