Ертіс өңірінің жедел-жәрдем станциясына демалыс күндері туристік орындарда болған оқыс оқиғалардан шақыртулар көптеп түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Дәрігерлер бригадасы Баянауыл ауданының Жасыбай көліне екі рет шақырту алып, суға батып кете жаздаған жасөспірімдерге көмектесті. 17 жастағы жігітке медициналық көмек көрсетіліп, аудандық ауруханаға жеткізілді. Ақ желеңділер көл жағлауына жетпегенде, жасөспірім көз жұмар еді. Ал арада екі сағат өткенде Екібастұз ауылдық аймағындағы Солнечный кентінен шақырту түсті.
Облыстық жедел-жәрдем станциясы директорының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, осы жолы Шолақсор көлінде шомылып жүрген 12 жастағы балаға көмек керек болды. Бала судан шығарылған соң Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.
Шомылу маусымы басталғалы бес адам батып кеткен.
Екі оқыс жағдайда екі адам өлім аузынан аман қалды. Кей кездері дәрігерлер үлгермей қалуы мүмкін. Тұрғындардың көбі шомылуға рұқсат етілмеген қауіпті жерлерде демалады. Ересектер ішімдік ішіп, балаларын қарамайды. Адамдарға судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береміз, - дейді Ирина Мищенко.
Демалыс күндері жол-көлік оқиғалары да жиілеп, дәрігерлерді әбігерге салды. Соңғы үш күннің ішінде мамандар жол апаттарына 10 рет шықты.
Баянауыл ауданында жеңіл көлік жол шетіне шығып кетіп, екі азамат зардап шекті. Қазіргі уақытта аудандық ауруханада емделіп жатыр. Ал Екібастұз қаласының аумағында болған жол апатында бірден бес адам жарақат алды. Оларға жедел көмек көрсетілді, - дейді мамандар.
Айта кетейік жедел-жәрдем станциясының мамандары ыстық күндері тәулігіне 1000-ға жуық шақырту алады.