Павлодар облысында қызыл судан қауіп жоқ - мамандар

11 Наурыз 2022, 18:57
1393
Бөлісу:
Павлодар облысында қызыл судан қауіп жоқ - мамандар
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде көктемгі су тасқынына дайындық штаттық деңгейде жүруде. Қыста түскен қар мен көрші облыстағы су қоймаларында су деңгейі былтырғыдан төмен. 

Осы уақытқа дейін 800 мың тонна қар шығарылған. Жұмыстар жалғасын тауып келеді. 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Олег Круктың хабарлауынша, өңірде елді мекендерді су басу қаупі сейілді.

Шығыс Қазақстан облысындағы Шүлбі қоймасындағы су деңгейі былтырғы көрсеткіштен 20%-ға төмен. Көрші өңірде жауын-шашын деңгейі көп болмаса, біздің аймаққа да су аз келеді. Барлығы ауа райына байланысты. Қазіргі уақытта су босату мерзімі бойынша келісіп жатырмыз. Ал жыл сайын Баянауыл ауданына қауіп төндіретін Қарағанды облысының таулы жерлерінде қар аз. Бірнеше күн бұрын осы өңірлерді бақыладық. Қар еріп кеткен, - дейді Олег Крук. 

«Қазгидромет» мекемесі мамандарының мәліметінше, екі апта бұрын өлшенген қар жабындысы 22 сантиметрді құрайды. Бұл - өткен жылға қарағанда төмен көрсеткіш. Ал топырақтың қату көрсеткіші 137 сантимерді құрап отыр, яғни, нормаға сай.

Қазіргі уақытта ойпаң жерлерде орналасқан 28 елді мекен бақылауға алынды. Үстіміздегі жылы облыс бюджетінде төтенше жағдайлар орын алған жағдайда күрес жұмыстарын жүргізуге 1 млрд  246 млн теңге қарастырылған.

Жуырда күн күрт жылынып, жауын-шашын түскені белгілі. Жауапты қызмет өкілдері бірлесіп жұмыс атқарса да, кей мәселелер анықталды. Қар тазалау жұмыстары уақытында жүргізілді. Дегенмен, олқылықтардың барына көзіміз жетті. Мәселен, Ақтоғай ауылындағы бес үйдің ауласына су кіріп кетті. Бұл аумақтарға су сору құрылғылары орнатылды. Баянауыл ауданының Құндыкөл ауылында да қар және жаңбыр суы көп жиналды. Су елді мекен арқылы далаға ағып кетті. Ақсақалдардың айтуынша, дәл осындай 27 жыл бұрын тіркелген. Бірлік ауылының маңындағы жолдың үстімен су жүріп өтті. Себебі, жол астындағы құбыр суды өткізуді үлгермеген. Жергілікті әкімге диаметрі үлкендеу құбыр орнату мен жағдайды бақылауда ұстауға тапсырма берілді, - дейді Олег Крук. 

Апат айтып келмейді. Тоқмейілсуге болмайды. Облыста су тасқынына дайындық жұмыстары қызу. Қазіргі уақытта  материалдық-техникалық құралдар дайын. Жанар-жағармайдың 108 тоннасы, инертті материалдардың 15 мың тоннасы әзір. Осы уақытта мың адамнан құралған күш құрылымдары мен 600 техника сақадай сай. 

Өзгелердің жаңалығы