Павлодар облысында қанша бала демалыспен қамтылады

23 Мамыр 2024, 12:52
370
Бөлісу:
Павлодар облысында қанша бала демалыспен қамтылады
Фото: Артём Чурсинов - архив

Ертіс өңірінің 109 мыңнан астам оқушысы жазғы каникул кезінде демалу, сауықтыру және жұмыспен қамту шараларына қатыспақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Оспанованың хабарлауынша, жаз кезеңінде мектеп жанындағы 304 лагерь жұмысын бастайды. Бұл жерде 43 мыңнан астам оқушы демалады деп жоспарланған.

500-ге жуық бейінді лагерьлер мен жасақтар іске қосылады. Осы жылдың ерекшелігі, бейінді лагерьлердің қызмет ауқымы ұлғаяды. Мәселен, киіз үй, шатырлы лагерьлер форматындағы балалар демалысы ұйымдастырылады. Ал кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің жанында да лагерьлер жұмыс істейді. Атап айтқанда орта буын оқушыларына арналған айти-мектеп, мобильді робототехника, мамандық таңдау, тілдерді оқу бағытында бейінді лагерь жұмысы қолға алынады, - дейді Самал Оспанова.

Әлеуметтік әлжуаз топқа жататын 12 мыңнан астам бала қала сыртындағы лагерьлерде тынығады. Бұл игілікке жалпыға бірдей білім беру қорынан 235 млн теңге бөлінеді.

Биыл қала сыртында 12 лагерь ашылады. Олардың екеуі – жекеменшік. Биыл мемлекеттік лагерьлердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 209 млн теңге бөлінді

«Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы шеңберінде «Қазақстан халқына» қоры ауылдық мектептердің үздік оқушыларына жолдама сертификаттарын табыстады. Осындай мүмкіндікке 800-ден астам ауыл баласы ие болды. Оқушыларды жұмыспен қамтуға келсек, каникул кезінде жоғары сынып оқушылары елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру шараларына жұмылдырылады. Бұл іске ірі шаруа қожалықтары атсалысады, - дейді Самал Оспанова.

Өзгелердің жаңалығы